Reuters: Елена Рыбакина тарихқа енді
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина мансабында алғаш рет WTA рейтингінің көшін бастайды. Ол US Open турнирі аяқталғаннан кейін ресми түрде әлемнің бірінші ракеткасы атанбақ. Жаңалықты Reuters таратты.
US Open турнирінің ширек финалында Рыбакина қытайлық Чжэн Циньвэньді 3:6, 6:1, 6:4 есебімен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Осы нәтижесінің арқасында қазақстандық спортшы WTA рейтингінде кемінде 8681 ұпай жинайды.
WTA рейтингі US Open аяқталған соң жаңартылады. Сондықтан турнирдің қалған бөлігінде Рыбакина әзірге әлемнің екінші ракеткасы мәртебесінде өнер көрсетеді.
– Осы турнирге қандай нәтижемен келгенімді – жарақатым мен жаттығудың жоқтығын ескерсек, біз айтарлықтай ұзақ жолдан өттік деп ойлаймын, – деді Елена Рыбакина.
Caspianpost: Қазақстан мен Әзербайжан Каспийде жолаушылар тасымалын жандандырмақ
Қазақстан мен Әзербайжан Каспий теңізі арқылы Құрық - Баку - Құрық паром желісі бойынша жолаушылар тасымалын қайта жандандыруға кірісті. Бұл туралы Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел мәлімдеген. Елші сөзін Caspianpost бөлісті.
Бұл бағыттағы тасымал 2020 жылға дейін жүзеге асырылып, COVID-19 пандемиясына байланысты тоқтаған еді. Оған дейін пароммен Каспий теңізі арқылы жылына 1500-ге жуық жолаушы жүрген. Әлім Байелдің айтуынша, алдағы уақытта осы бағыт бойынша саяхаттауға ниет білдірген жолаушылардың саны артпақ.
Әзербайжан жолаушылар паромын жандандыруды қолдаған. Қазір екі елдің көлік саласындағы уәкілетті органдары жолаушылар тасымалын тезірек қалпына келтіру жұмысына кірісіп кетті.
The Times of Central Asia: 54 кен орны мемлекеттік реестрге енгізілді
2024–2025 жылдары мемлекеттік реестрге 54 жаңа кен орны қосылды. Жаңалықты The Times of Central Asia хабарлады.
2024 жылы тізімге алғаш рет 35 жаңа кен орны енгізілді, ал бір жылдан кейін тағы 19-ы қосылды. Осы екі жылда геологиялық барлау жұмыстары мен қорларды қайта бағалау нәтижесінде тіркелген ресурс базасы жаңарды.
Қор 262,2 млн тонна темір, 199 млн тонна мұнай, 157,2 тонна алтын және 22 млрд текше метр газбен толықты. Қазіргі уақытта тізімде 10 000-ға жуық кен орны бар. Сондай-ақ тіркелген ресурс базасына күміс, мыс, мырыш, қорғасын, хром, марганец және фосфорит өндіретін кен орындары енгізілген.
Jiji Press: Қаржы секторын цифрландыру қолға алынды
Қазақстан қаржы секторын цифрландыру бойынша 1200 іс-шара жоспарлап, 94 қаржы ұйымы үшін жеке даму жоспарын әзірледі. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова хабарлаған. Төраға сөзін жапондық Jiji Press жеткізді.
Әбілқасымованың айтуынша, қазіргі уақытта агенттік қаржы секторын ауқымды цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу бойынша жаңа стратегия әзірлеп жатыр.
Жоба аясында 23 банк, 25 сақтандыру ұйымы, бағалы қағаздар нарығының 31 қатысушысы мен 15 микроқаржы ұйым қамтылатын болады.
Негізгі бағыттарға ішкі процестерді цифрландыру, IT-инфрақұрылымды дамыту, деректер сапасын арттыру, киберқауіпсіздік, жасанды интеллектіні енгізу және қызметкерлердің цифрлық дағдысын нығайту кіреді.
– 1 200 нақты шараны айқындадық және 94 ұйымның әрқайсысы үшін жеке даму жоспары дайындалды. Осы жеке жоспарға сүйене отырып, алға жылжимыз, – деді Мәдина Әбілқасымова.
Жоспарланған шаралардың іске асырылуын бақылау үшін Агенттік цифрлық трансформация кеңсесін құруды көздеп отыр.