Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: жаңа мұнай өңдеу зауыты, аймақтық серіктестік және дрон жарылысы

Коллаж: Kazinform; Freepik; Pixabay

АСТАНА. KAZINFORM – Апта Қазақстан үшін маңызды жаңалықтарға толы болды. Әзербайжан президентінің Астанаға сапары екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті жаңа деңгейге көтерді. Үкімет Каспий жағалауында жаңа мұнай өңдеу зауытын салу жоспарын жариялап, энергетикалық қауіпсіздікті күшейтуді көздеп отыр. 

Ал Батыс Қазақстанда тіркелген белгісіз дрон жарылысы қауіпсіздік мәселесіне назар аудартты. Euronews арнасы Қорғалжын қорығын таныстырып, елдің экотуристік әлеуетін көрсетті. Толығырақ Kazinform шолуынан оқыңыз.

Anadolu: Қазақстан мен Әзербайжан президенттері стратегиялық әріптестікті нығайтуда

Қазақстанға Әзербайжан президентінің мемлекеттік сапары аясында екі ел басшысының қатысуымен Жоғары мемлекеттік кеңестің екінші отырысы өтті. Кездесу қорытындысында 15 ынтымақтастық құжатына қол қойылды. Бұл туралы түркиялық Anadolu агенттігі хабарлады.

Күн тәртібінде көлік, логистика, цифрландыру, отын-энергетика, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері қаралды. Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты қарым-қатынастың қазіргі деңгейіне Әзербайжан президенті Ильхам Алиевтің үлесі зор екенін атап өтті. Сондай-ақ, Транскаспий халықаралық көлік маршруты мен бірлескен өндіріс жобалары талқыланды.

Президенттер журналистерге брифинг өткізіп, сапарды стратегиялық әріптестікті нығайтудағы маңызды қадам деп бағалады. Қ. Тоқаевтың айтуынша, ауыл шаруашылығы, энергетика, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және цифрландыру салаларында бірлескен жобалар іске қосылады. Мысалы, трансформаторлар өндірісі мен тұрғын үй инфрақұрылымдық нысандары салынады.

Өткен жылы Транскаспий арқылы жүк тасымалы 62%-ға өсіп, 4,5 млн тоннаға жеткен, транзиттік мұнай көлемі шамамен 1,5 млн тоннаны құрады.

Сонымен қатар, екі президент стратегиялық әріптестік пен одақтас қарым-қатынастың 20 жылдығына арналған бірлескен мәлімдемеге қол қойды.

Report: Қазақстан Каспий жағалауында жаңа мұнай өңдеу зауытын салуды жоспарлап отыр

Қазақстан Үкіметі жаңа мұнай өңдеу зауытын салуға арналған төрт ықтимал орынды қарастырып жатыр. Солардың бірі – Каспий теңізі жағалауындағы Маңғыстау облысы. Бұл туралы Report агенттігі хабарлады.

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің айтуынша, жылына 5 млн тонна мұнай өңдейтін зауыт салу жобасы алдын ала инвестициялық зерттеуді қажет етеді. Жоба терең өңдеу технологиясына негізделіп, жылына шамамен 300 мың тонна TS-1/Jet A-1 маркалы авиациялық керосин өндіруді көздейді. Бұл – қазір импорт есебінен қамтамасыз етіліп отырған транзиттік әуе тасымалдарының сұранысын төмендетуге мүмкіндік береді.

Тұжырымдамаға сәйкес, 2028–2030 жылдары жобаның алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесі (pre-FEED) әзірленеді. 2030–2032 жылдары жобалау-сметалық құжаттама дайындалып, 2032–2040 жылдары зауыт құрылысы жүргізіледі.

Қазіргі таңда Қазақстанда үш ірі мұнай өңдеу зауыты жұмыс істейді – Атырау, Павлодар және Шымкент МӨЗ-дері. Жаңа зауыт іске қосылған жағдайда, елдің мұнай өңдеу қуаты айтарлықтай артып, авиаотын мен жанармай импортына тәуелділік азаяды.

ТАСС: Қазақстан әуе кеңістігіне бақылауды күшейтті

Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында белгісіз ұшқышсыз ұшу аппараты жарылды. Бұл ақпаратты ресейлік ТАСС агенттігі жазды.

ҚР Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, жарылыс елді мекеннен алыс, адам тұрмайтын аумақта болған. Зардап шеккендер мен материалдық шығын тіркелген жоқ.

- Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы мен ұшу аппаратының шығу тегі анықталып жатыр. Әуе кеңістігіне бақылау күшейтіліп, мемлекеттік шекарадан рұқсатсыз ұшу аппараттарының өтуін болдырмау шаралары қабылданды, – делінген министрлік хабарламасында.

Қазақстан тарапы бұл ұшқышсыз аппарат тиесілі болуы мүмкін елдермен кеңес жүргізіп жатыр. Бұған дейін полиция оқиға орнынан ұшқышсыз ұшу аппаратының бөлшектері табылғанын хабарлаған. Қазір арнайы қызметтер оқиға орнында зерттеу жүргізіп, қауіпсіздік шараларын күшейтті.

Euronews: Қорғалжын – мыңдаған қоқиқаздың мекені

Euronews телеарнасының Modern Nomads бағдарламасы Қазақстанның табиғи байлығын кеңінен таныстыруды жалғастыруда. Бұл жолы шетелдік түсірілім тобы елордадан небәрі екі сағаттық жерде орналасқан Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығының сұлулығын көрсетті.

Қазақстандағы ең ірі қорғалатын аумақ саналатын бұл қорық 543 мың гектардан астам сулы-батпақты алқапты қамтиды. Ол – ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік табиғи мұралар тізіміне енген ерекше аймақ әрі жүздеген құс пен өсімдік түрінің табиғи мекені.

Қорықтың ең тартымды ерекшелігі – мыңдаған қоқиқаздың көктем сайын осында ұя салуы. Теңіз көлі мен оған жалғасқан тұзды көлдер экожүйесі бұл сирек құстарға қолайлы орта қалыптастырады. Мұнда олар балапандарын өсіріп, тұзды шаян мен балдырмен қоректенеді. Сол себепті олардың қауырсындары біртіндеп ашық қызғылт түске енеді.

Қорғалжын – Еуропа мен Азиядан келетін эко-туристердің сүйікті бағыты. Мұнда қоқиқаздардан бөлек, аққуларды, су құзғындарын және жойылып бара жатқан киік популяциясын көруге болады.