Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Жеңіс парады, Вьетнаммен әріптестік және ОПЕК+ келісіміне көзқарас

Фото: Коллаж: Солтан Жексенбеков / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Мамыр айының басында алыс-жақын елдердегі бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстанға қатысты көптеген жаңалықтар шығарды. Соның арасында Жеңістің 80 жылдығына орай Астанада өткен әскери парад және Қазақстан мен Вьетнам қарым-қатынасының жаңа деңгейі жайлы жазылыпты. Бұған қоса Әзербайжанның елімізге жеткізетін экспортының артуы мен ОПЕК+ шешімдеріне қатысты Энергетика министрлігінің көзқарасы жарияланған. Толығырақ Kazinform агенттігінің шолуынан оқыңыз.

ТАСС: Астанада Жеңістің 80 жылдығына орай әскери парад өтті

Қазақстан астанасында 2017 жылдан бері алғаш рет, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына және 7 мамырда атап өтілетін Отан қорғаушылар күніне орай әскери парад өтті. Жаңалықты ТАСС жария етті.

Іс-шара «Қазақ елі» монументінің жанындағы Тәуелсіздік алаңында болды. Мінберде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған билік өкілдері, Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам мен шетелдік қонақтар, дипломаттар, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері, Қазақстан Қарулы Күштері мен күштік құрылымдарының ардагерлері отырды.

Қазақстан Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, парадқа 4 мыңнан астам адам қатысты. Оның ішінде әскери қызметшілер, полиция, ТЖМ және басқа да күштік құрылымдар мен арнайы қызметтердің өкілдері бар. Механикаландырылған колонна 300-ден астам әскери және арнайы техниканы қамтыды. Ал әуе парадына түрлі типтегі 66 ұшу аппараты қатысты.

2025 жылғы парадтың ерекшелігі – тарихи бөлімнің болуы. Алаңнан Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстан аумағында құрылған және майданға аттанған әскери құрамалардың туларын алып әскери қызметшілер өтті. Парадтық сапта соғыс жылдарындағы әскери киімдегі сарбаздар «Максим» пулеметтерімен, ППШ автоматтарымен және мылтықтармен, сондай-ақ әйел санитар-нұсқаушылар саптарымен жүрді.

Шеруді барлық ел тұрғындары телеарналардан тікелей эфирде тамашалай алды. Халық көп жиналатын алаңдардағы үлкен экрандардан да көрсетілген.

Парадқа дайындық бірнеше айға созылған. Бастапқыда әскери қызметшілер жаттығуларды республиканың әртүрлі өңірлеріндегі полигондарда өткізді, кейін парадқа қатысушылар Астанаға жиналып, алаңда сап түзеп өту тәртібін бірлесіп пысықтады. Астанадағы парад биыл кейінгі 8 жылда алғаш рет өткізіліп отыр. Елордада мұндай ауқымды шара оның алдында 2017 жылғы 7 мамырда өткен.

Одан кейін Отан қорғаушылар күні тактикалық әскери парад түрінде атап өтілді. 2018 жылы Қазақстан Қарулы Күштері Жамбыл облысындағы полигонда шартты қарсыластың базасын жою бойынша жаттығу өткізіп, одан кейін салтанатты сап түзеп өтті.

Anadolu: Вьетнам – Қазақстанның Азиядағы маңызды серіктесі

Ақордада Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Ламның Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуіне орай ресми қарсы алу рәсімі өтті. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев То Ламды арнайы күтіп алды. Ақпаратты түркиялық Anadolu агенттігі жазды.

Вьетнам – Қазақстанның Азиядағы маңызды серіктесі. Біздің өсіп-өркендеу жолындағы мүддеміз – ортақ. Мен екі жыл бұрын Вьетнамға ресми сапармен бардым. Сонда екіжақты ықпалдастықтың жаңа бағыттарын дамытуға уағдаластық. Келесі айда екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 33 жыл толады. Алдағы уақытта да қос халықтың достығы нығая бермек. Мен бұған кәміл сенемін. Біз ортақ мақсат-міндеттерге жету үшін күш жұмылдыруға әрдайым дайынбыз, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Вьетнам делегациясын қарсы алған Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапардың екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге деген ұмтылыстың айғағы екенін атап өтті. Ол Вьетнамның 2040 жылға қарай әлемдегі ең ірі 25 экономиканың қатарына кіру жөніндегі стратегиялық мақсатын қолдайтынын айтып, Қазақстанның бұл амбициялық мақсатқа жетуге жан-жақты жәрдем көрсетуге әзір екенін жеткізді.

Қазір Қазақстан мен Вьетнам арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Біз аз уақыт ішінде бірқатар ірі жобаны жүзеге асырдық. Алдағы уақытта да өзара тиімді байланыстарымызды кеңейтуге толық негіз бар. Сіздің осы тарихи сапарыңыз және соның аясында қол қойылатын құжаттар қазақ-вьетнам қатынастарын одан әрі күшейтуге тың серпін береді, – деді Президент.

Келіссөздер қорытындысы бойынша, Қасым-Жомарт Тоқаев То Ламның бұл сапары екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың жаңа кезеңін бастайтынына сенім білдірді. Өз кезегінде То Лам Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа және қазақстандықтарға жылы қабылдауы үшін алғыс айтып, Вьетнам Президенті Лыонг Кыонгтың сәлемін жеткізді.

– Вьетнам партиясы мен халқы Қазақстанның елімізге бұған дейін – ұлттық тәуелсіздік жолындағы күресте және бүгінде даму ісінде көрсетіп отырған қолдауы үшін әрдайым ризашылық білдіреді, – деді То Лам.

Келіссөздер барысында екі ел арасындағы өзара сауда көлемін арттыру мәселесіне ерекше назар аударылды. 2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 860 миллион долларды құрады. Тараптар бұл көрсеткішті жақын болашақта 2 миллиард долларға жеткізуді көздеп отыр.

Сонымен қатар, тараптар туризм саласындағы бірлескен қызметтің перспективалары туралы пікір алмасты. Қазіргі уақытта Қазақстан мен Вьетнам арасында визасыз режим бар, ал тікелей әуе рейстерінің саны 40-тан асады. Өзара туристік ағынды арттыру мақсатында Тоқаев вьетнамдық азаматтар үшін қызығушылық тудыратын қазақстандық бағыттарды зерттеуді ұсынды.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнам Коммунистік партиясы ОК Бас хатшысы То Ламды І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Вьетнам арасындағы достық қатынастардың тарихи тамыры тереңде екенін атап өтті. Ол 1959 жылы Вьетнамның тұңғыш президенті Хо Ши Миннің Қазақстанға келгенін еске салып, бұл сапар екі ел арасындағы жан-жақты байланыстардың негізін қалағанын айтты.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Вьетнам Коммунистік партиясы ОК Бас хатшысы То Лам бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Ресми делегациялардың мүшелері бірқатар құжаттар алмасты. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Ғылым және технология министрлігі арасындағы технологиялар, инновациялар және цифрлық трансформация саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум, «Самұрық-Қазына» АҚ мен Sovico Group арасындағы Qazaq Air АҚ акцияларын сатып алу-сату мәмілесінің жабылғаны туралы акт, сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ пен Petrovietnam Exploration Production арасындағы геологиялық барлау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бар.

Trend: Әзербайжанның Қазақстанға экспорты артты

Осы жылдың қаңтар-наурыз айларында Әзербайжаннан Қазақстанға мұнай өнімдерін есептемегендегі экспорты 20,4 миллион долларға жетті. Бұл туралы Trend агенттігі Әзербайжанның Мемлекеттік кеден комитетіне сілтеме бере отырып хабарлады.

Мәліметке сәйкес, бұл көрсеткіш 2024 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 8,7 миллион долларға немесе 73,8 пайызға жоғары. Есепті кезеңде Қазақстанға экспортталған мұнайға қатысы жоқ өнімдер Әзербайжанның жалпы экспортының 2,64 пайызын құраған. Осылайша, Қазақстан мен Әзербайжан мұнайға қатысы жоқ өнімдерді ең көп экспорттайтын елдердің ішінде 6-орында тұр.

Сондай-ақ 2025 жылдың қаңтар-наурыз айларында Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы сауда айналымы 118,7 миллион долларға жетті.

Бұл көрсеткіш өткен жылдың сол кезеңімен салыстырғанда 47,9 миллион долларға немесе 67,6 пайызға жоғары. Есепті кезеңде Қазақстанмен сауда айналымы Әзербайжанның жалпы сыртқы сауда айналымының 1 пайызын құрады.

Айта кетейік, осы жылдың қаңтар-наурыз айларында Әзербайжанның сыртқы сауда айналымы 24,3 пайызға артып, 12 миллиард долларға барған. Ел экспорты 6,7 пайызға немесе 401,75 миллион долларға өсіп, 6,4 миллиард долларға жетті, ал импорт 52,6 пайызға немесе 1,9 миллиард долларға өсіп, 5,7 миллиард долларды құрады.

Report: Қазақстан ОПЕК+ келісімі аясында жұмыс істейді

Қазақстанның Энергетика министрлігі ОПЕК+ келісімі аясындағы әріптестермен ынтымақтастықты жоғары бағалайды және бұл форматты жаһандық мұнай нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етудегі маңызды құрал деп санайды. Ведомствоның бұл көзқарасын Report бюросы жеткізді.

Кейінгі күндері шетелдік БАҚ-та Қазақстанның ОПЕК+ келісімі аясында мұнай өндіру көлемін асыруының ықтимал салдары, тіпті, елдің келісімнен шығарылуы мүмкіндігі туралы материалдар жарияланған болатын.

Қазақстанның Энергетика министрлігі мұнай өндіру көлемін қайта қарау мәселесін сыртқы қысымның нәтижесі ретінде түсіндіруге тырысатын ақпараттарға түсініктеме берген.

«Министрлік мұндай мәлімдемелерді мүлдем жоққа шығарады. Қазақстан Республикасы ОПЕК+ келісіміне адалдығын растайды және қабылданған барлық міндеттемелерді орындауды жалғастырады», – деп мәлімдеді ведомство.