Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Бүркітшілер байқауы, e-CMR жүкқұжаты, Каспий табанымен тартылған интернет

АСТАНА. KAZINFORM – Бұл аптада әлемдік басылымдар Қазақстан жайлы біршама жаңалық жариялады. Бельгия королі Филипп пен патшайым Матильданың мемлекеттік сапары, Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісінің іске қосылуы және бүркітшілер додасы көп талқыланған. Астана – Құлжа әуе рейсі мен e-CMR жүкқұжаты туралы ақпарат та қалыс қалмапты. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

Фото: Kazinform / ЖИ

Paris Match: Корольдік жұптың Қазақстанға сапары

Әлемдік БАҚ король Филипп пен патшайым Матильданың Қазақстанға мемлекеттік сапарын кеңінен ақпараттандырды. Paris Match журналы мәртебелі қонақтарды Ақордада ресми қарсы алу рәсімін егжей-тегжейлі сипаттаса, еуропалық EU Reporter басылымы Қазақстанның Бельгиядағы елшісі Роман Василенконың екіжақты ынтымақтастықтың келешегіне қатысты мақаласын жариялады.

Ал RTL info және The Brussels Times басылымдары сапардың тарихи маңызын атап, корольдік жұппен экономика, білім беру, мәдениет салаларының өкілдері ере келгеніне ерекше мән берді.

Report: Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі іске қосылды

15 қазанда Әзербайжан мен Қазақстан президенттері екі елді Каспий теңізінің табаны арқылы жалғастыратын 380 шақырымдық талшықты-оптикалық байланыс желісін іске қосты.

Report агенттігінің хабарлауынша, Жобаны «Қазақтелеком» АҚ мен AzerTelecom компаниясы бірлесіп жүзеге асырған. Бұл желі Қазақстанды және Орталық Азияның басқа елдерін, сондай-ақ Қытайды Еуропамен жалғайтын жаңа байланыс бағытының бір бөлігі саналады. Ол Жерорта теңізі мен Қара теңізде орналасқан байланыс жүйелеріне қосылуы мүмкін.

Xinhua News: Астана – Құлжа әуе рейсі ашылады

2026 жылғы 26 қазаннан бастап Астана қаласы мен Құлжа қаласы (ҚХР) арасында әуе рейсі іске қосылады. Бұл туралы қытайлық «Синьцзян жибао» газеті хабарлайды.

Әуе тасымалы дүйсенбі, сәрсенбі және сенбі күндеріне қойылған. Кестеге сәйкес, Астанадан ұшу жергілікті уақытпен сағат 07:55-ке, ал Құлжаға қону Бейжің уақытымен сағат 13:20-ға жоспарланған. Кері бағытта Құлжадан ұшу Бейжің уақытымен сағат 15:20-да, Астанаға қону жергілікті уақытпен сағат 14:50-де болады.

Қазір Қытайдың Үрімжі, Құлжа қалалары мен Қазақстанның Алматы, Астана, Шымкент және Ақтау қалалары арасында 6 халықаралық әуе маршруты ашылған.

ТАСС: e-CMR электронды жүкқұжаты іске қосылды

Қазақстан мен Ресей арасында алғаш рет е-CMR электронды халықаралық жүкқұжаты іске қосылды. Көлік министрлігінің ақпаратын ресейлік ТАСС агенттігі таратқан.

Мамандардың айтуынша, e-CMR жобасы құжаттарды ресімдеу шығынын азайтып, ақпарат алмасуды жылдамдатады. Сонымен қатар жүкті нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік бермек.

Пилоттың жоба аясында алғашқы көлік тасымалы Астана — Мәскеу бағыты бойынша ұйымдастырылған. Бұл – Еуразиялық экономикалық одақтың халықаралық жүк тасымалындағы қағаз құжаттарды электронды форматқа көшіру жобасының алғашқы тәжірибелік кезеңі.

Euronews: «Шығыс Салбурыны-2026» халықаралық фестивалі басталды

9-10 қазанда күндері Шығыс Қазақстан облысының Бозанбай ауылында алғаш рет құсбегіліктен Азияның ашық кубогы өтті. Фестивальге тоғыз мемлекеттен 150-ге жуық құсбегі қатысқан. Euronews арнасы сайыс туралы арнайы хабар жариялады.

Турнирде Қазақстан, Түркия, Ресей, Қытай, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан, Грузия, Испания және Венгриядан келген үміткерлер бақ сынады. Екі күнге созылған шараға 15 000-ға жуық көрермен жиналды.

Айта кетейік, биыл тазы мен бүркітке қатысты фестивальдерді ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізу туралы өтінім берілді. Құсбегілік өнері бұған дейін аталған тізімге енгізілген.

Jiji Press: Қазақстан транзиттік тасымал көлемін жылына 100 млн тоннаға жеткізбекші

Қазақстан 2034 жылға қарай жыл сайынғы жүк айналымын 100 миллиард тоннаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Ақпаратты жапондық Jiji Press бөлісті.

Осы мақсатта мемлекет теңіз порттары мен теңіз флотының өткізу қабілетін арттырады. Әсіресе теміржол, автомобиль, теңіз және әуе көлігін дамыту, цифрлық шешімдерді енгізу қолға алынбақ. Сонымен қатар Шығыс-Батыс, Солтүстік-Оңтүстік дәліздері мен Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орталық дәліз) дамыту көзделген.