Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Google келісімі, халықаралық орталық, туристер пойызы

Коллаж: Kazinform

Бұл аптада жаһандағы интернет-басылымдар Қазақстанға қатысты жаңалықты қалыс қалдырмады. Көбіне TON, Tether, Google компанияларымен келісім, туристерге арналған пойыз бен сыртқы қарыз қызық көрініпті. 

Президенттің халықаралық ЖИ орталығын құру идеясы, Mastercard жетістігі туралы мәлімет те ақпарат ағынына қосылған. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

Report: Бюджет тапшылығына байланысты 1,25 млрд доллар қарыз алады

Қазақстан бюджет тапшылығын жою үшін үш несие алмақ. Жалпы сомасы 190 млрд жапон йенін (шамамен 1,25 млрд АҚШ доллары) құрайтын қарызды алу Парламенттің жалпы отырысында мақұлданған. Ақпаратты Report таратты.

«Қазақстан Республикасы мен Азия Даму Банкі арасындағы қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы аясында 52,3 млрд сомасында йен алу ескерілген. Азия Даму Банкі 2038 жылғы 1 желтоқсанға дейінгі өтеу мерзімімен қарыз береді. Осы қаражат биылғы республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыруға жол ашады деген болжам айтылуда.

Ал «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы аясында 84,9 млрд йен тартылады. Қарыз туралы келісімге 2024 жылғы 11 қазанда қол қойылған. Өтеу мерзімі 2034 жылғы 15 қыркүйекке дейін, оның ішінде 2029 жылғы 5 наурызға дейінгі жеңілдік кезеңі бар.

Бұдан бөлек, «Қазақстан Республикасы мен Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі арасындағы қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы бойынша 52,7 млрд йен алу қарастырылған. Қарыз туралы келісімге 2024 жылғы 21 тамызда қол қойылды. Аталған банк Қазақстанға 2038 жылғы 1 желтоқсанға дейінгі өтеу мерзімімен қарыз береді. Онда 3 жылдық жеңілдік кезеңі ескерілген.

Үкімет қарыз валютасы ретінде жапон иенін таңдауын экономикалық себепке сүйеген. Яғни, бұл валютаның пайыздық мөлшерлемесі төмен, банктердегі спреді аз, теңгемен корреляциясы тұрақты.

ТАСС: Қазақстан TON, Tether, Google кеңселерін ашу бойынша келіссөз жүргізуде

Қазіргі таңда Қазақстан ғылыми-зерттеу жобаларын бірлесе жүргізіп, жаңа өнім әзірлеу мақсатында Telegram, TON, Tether, Google, EPAM және басқа да әлемдік ІТ-индустрия өкілдерінің кеңсесін ашу үшін келіссөздер жүргізіліп жатыр. Осы мақсатта салық жеңілдігі, визалық қолдау және басқа да қолайлы шарттар берілуде. Нәтижесінде шетелдік компаниялар мен IT-мамандарының Astana Hub экожүйесінің қатарына қосылу үрдісі басталғандай. Жағымды жаңалықты ресейлік ТАСС бөлісті.

Бұған дейін Қазақстан Telegram корпорациясының кеңсесін ашу туралы келісімге қол жеткізген болатын. Министрлік мәліметіне сүйенсек, әріптестік аясында жеке дерек қауіпсіздігі, жалған парақшалармен күрес және тұтынушы құқын қорғау мәселесін шешуге мүмкіндік туған.

Айта кетейік, EPAM компаниясы – бағдарламалық қамтамасыз ету бағытындағы көшбасшы, Орталық және Шығыс Еуропадағы IT-консалтинг саласындағы жетекші ойыншының бірі.

Ал The Open Network (TON) – үшінші буын блокчейні. 2018 жылы Telegram мессенджерінің негізін қалаушылар – ағайынды Павел мен Николай Дуровтар әзірлеген. Кейін жоба TON ашық қоғамдастығына берілді. Сондай-ақ TON криптовалютасы дамып келеді.

CentralAsia: Президент халықаралық ЖИ орталығын құруды ұсынды

Қасым-Жомарт Тоқаев Astana Hub инновациялық экожүйесіне барып, Nur Alem сферасында орналасатын AIem.ai жасанды интеллект орталығының тұжырымдамасымен танысты. Жасанды интеллект саласындағы отандық өнімдерді тамашалаған. Олардың арасында кен орындарының цифрлық телнұсқасы, дрондарды басқару және өндіріске арналған робот-ит секілді индустриялық шешімдер бар. Президент кездесуін CentralAsia басылымы жазды.

Шара барысында мемлекеттік қызмет көрсету барысында қолданылатын жасанды интеллект технологияларының үлгілері таныстырылыпты. Сондай-ақ AITU экожүйесінің мүмкіндіктері, Nazarbayev University жанынан құрылған Жасанды интеллект институтының (ISSAI) жобалары – KazLLM алғашқы қазақ тілі моделі мен SoyleApp көпфункционалды қосымшасы туралы айтылған.

«Сарапшылардың айтуынша, жасанды интеллект технологиясының тиімділігі жыл өткен сайын арта түспек. Сондықтан алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Қазақстан Еуразиядағы аса ірі цифрлық хабқа айналуға тиіс. Цифрлық даму мәселесіне тың, жаңаша көзқараспен қарау қажет», – деді Президент.

Тоқаев Ұлттық жасанды интеллект орталығын құру туралы бастама көтергенін еске салып, идеяны одан әрі өрістетуді ұсынды. Әсіресе Орталыққа халықаралық мәртебе беріп, оны аймақтағы жасанды интеллектті дамытатын басты институтқа айналдыру керегін жеткізген.

Trend: Онлайн төлемдегі Mastercard үлесі

Әлемде онлайн төлем үдеуде. Қазақстан және Орталық Азиядағы Mastercard бас директоры Санжар Жамалов Trend халықаралық ақпарат агенттігіне берген сұхбатында тақырыпқа қатысты тың дерек айтыпты.

Ол Қазақстанның қолма-қол ақшасыз операцияларды дамыту қадамында айтарлықтай ілгерілеу барын жеткізген. Соңғы 5 жылда бұл санаттағы өсім 20 пайызға жеткенін мәлімдепті. Сондай-ақ саладағы үздік инновациялық шешім ретінде Еуразиялық банктің эко-картасын, Bank CenterCredit-тің бизнес-картасын, Freedom Bank-пен бірлесе шығарылған Арал теңізін сақтауды қолдауға арналған картаны бөліп көрсетті.

«Орта есеппен алсақ, Қазақстанның әрбір тұрғыны кем дегенде екі банк картасын пайдаланады. Алайда әлі де қаржылық өнім мен қызметтерді одан әрі жетілдіріп, пайдаланушылық тәжірибені жақсарту қажет.

Азаматтар бизнес жүргізіп, табыс тауып, шетелге ақша аударуды жиілетті. Сондықтан трансшекаралық төлем мен аударымдар назарымызда, келесі жылы осы бағытта жаңа бастаманы жоспарлап отырмыз», – деген бас директор.

Оның айтуынша, Digital First технологиясын өрістету қажет. Бұл карталарды онлайн әзірлеуге, төлемдерді уақытылы жасауға және несие мен бөліп төлеу функциясын дамытуға әкеледі.

Daryo: «Jibek Joly 2.0» туристік пойызы сапарға шығады

«Қазақстан темір жолы» «Jibek Joly 2.0» туристік пойызын іске қосатынын айтты. Пойыз «Алматы-Түркістан-Ташкент-Самарқанд-Шымкент-Алматы» бағытын қамтып, туристік турға арналмақ. Турдың ұзақтығы – 5 күн, 2025 жылдың 2-7 қаңтар аралығында өтеді деп жоспарлануда. Ақпаратты өзбекстандық Daryo бөлісті.

Мәліметке сүйенсек, туристік пойыз құрамында жаңа вагондар болады. Вагондардың ішкі дизайны ұлттық ою-өрнекпен безендіріліп, вагон-мейрамханалар жолаушыларға ұлттық және еуропалық тағамдар ұсынатыны айтылған.

Түркістан қаласында жолаушылар бір күн бойы тарихи орындарды аралайды. Экскурсия бағдарламасына Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Арыстан баб кесенесі, Отырар музейі және басқа да маңызды мәдени мұралар кіреді. Ташкентте туристер Хазрати-Имам тарихи кешені, Барақ хан медресесі, Әбу Бәкір Каффали Шаши кесенесі және Төле би ескерткішін көріп, заманауи «Magic City» саябағы мен өзге де көрнекті орындарды тамашалмақ.

Самарқандағы бағдарлама аясында жолаушылар Шахи-Зинда кешені, Гур-Эмир кесенесі және атақты Регистан алаңын аралап, ондағы Шер-Дор, Тилля-Кари және Улугбек медреселеріне бас сұқпақ. Сонымен қатар, саяхат барысында жолаушылар Шымкент қаласының басты көрнекі орындарын тамашалап, өңірдің бай тарихи және мәдени мұрасымен танысады.

Туристік пакет құнына туристік пойызда сапарлау, кәсіби, экскурсия, көрікті жерлерге кіру билеті, трансфер мен гид қызметі кіреді.