Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан:«Қара жәшік», оқу ақысы, әуе компаниясындағы тексеріс пен шошқа етінің экспорты

Фото: Коллаж: Kazinform

Бұл аптада әлем назары Қазақстанда болды десек артық емес. Әсіресе Ақтау маңындағы ұшақ апаты басты ақпараттық біріне айналды. Медиада жаңа терминал, оқу ақысының көптігі, отандық компанияның шошқа етін экспорттауы да айтылған. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

Anadolu: Azerbaijan Airlines ұшағының екінші «қара жәшігі» табылды

Бакуден Грозныйға бет алған Azerbaijan Airlines ұшағы Ақтау маңында апатқа ұшырағаны белгілі. Соңғы дерекке сүйенсек, мамандар әуе кемесіндегі екінші «қара жәшікті» тауыпты. Түркиялық Anadolu ақпарат агенттігі оқиға хронологиясы мен ахуал туралы хабар таратты.

Оқиғаның өрбу бағыты төмендегідей:

25 желтоқсан күні сағат 10:43-те Ақтөбедегі аудандық диспетчер орталығы Embraer 190 ұшағының рейсі және Грозныйдағы қосымша аэродромға қонуы тиіс болғаны туралы хабар алған. Қазақстанның аумағына келгенше ұшақтың басқару жүйесі «сыр берген» және Ростов диспетчері Махачкала мен Бакудағы ауа райы бұзылғанын, экипаж Ақтауға бұрылуға шешім қабылдағанын ескертіпті. Оған дейін Ақтаудағы барлық жедел қызмет көмек көрсетуге дайын болған. Ал сағат 10:53-те Ростов диспетчері жолаушылар кабинасында оттегі баллоны жарылғанын, ұшақтағылар есінен танғанын хабарлаған екен.

Айта кетерлігі, апат кезінде Қазақстанның авиация саласындағы барлық кәсіпорны мен «ҚазАэроНавигация» диспетчерлері және Ақтау әуежайының қызметкерлері жоғары кәсіби білігін көрсеткен. Нақты үйлесімді және жедел жұмыс істегені байқалады. Ұшақ Қазақстанның әуе шекарасына кіргенге дейін-ақ авариялық қызмет әзір болыпты.

Ұшақ экипажы екі мәрте қонуға тырысқан. Бірақ бағыты ауытқып, биік құбылған. 11:28 шамасында ұшақпен байланыс үзіліп, артынша әуе кемесі жерге соғылған.

Daryo: Министрлік Sirena Travel әуе компаниясының дауынан соң тексеріс бастауы мүмкін

Авиабилеттерді сатып алу сервисіндегі қазақстандықтардың жеке деректері ұрланған. Барлық мәлімет Ресейдің «Сирена-Трэвел» атты компаниясынан алыныпты. Daryo басылымы жаңалыққа қатысты ҚР Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықовтың сөзін бөлісті.

Руслан Әбдіқалықов қазақстандықтардың ұшақ сапарына қатысты деректері желіге тарағанын растады. Дегенмен заңсыздық Ресей аумағында болған әрі Қазақстанның компаниялары бұған кінәлі емес деген ұстанымда.

Комитет басшысының айтуынша, азаматтардың жеке куәлігіндегі аты-жөні мен құжат нөмірі ұрланған. Деректер бұзылғаннан кейін ақпараттық қауіпсіздік комитеті талдау жүргізіпті. Жақында Руслан Әбдіқалықов EGOV порталы арқылы азаматтарды ақпараттандыру іске қосылатынын атап өтті.

Енді комитет деректері ұрланған азаматтардың атын анықтап, оларға арнайы хабарландыру жіберуді көздеп отыр. Оған қоса жеке деректері ұрланған азаматтар отандық әуе компанияларының үстінен шағым түсіре алатынын жеткізді. Заң негізінде зардап шеккен тарап өзінің жеке деректерінің құпиясын сақтамағаны үшін жауапты компанияны сотқа беруге құқылы.

Ал шағым негізінде комитет отандық компанияларға тексеріс жүргізіп, олардың ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі Қазақстан заңнамасын қалай сақтап жатқанын тексеруге мүмкіндік алмақ.

«Деректер Ресей Федерациясының аумағында орналасқан «Сирена–Трэвел» деген компаниясынан ұрланып отыр. Бұл -авиабилеттерді броньдау қызметін ұсынатын сервис. Оқиғадан соң министрлік «Роскомнадзорға» арнайы хат жіберді. Ол хатта оқиғаның мән-жайын анықтап, бұған қатысты қандай шаралар қолданылатыны жөнінде ақпарат беруін сұрадық», – дейді Руслан Әбдіқалықов.

Trend: Қазақстан Алят портына терминал салуды жоспарлап отыр

Қазақстан 2025 жылы Әзербайжандағы Алят портында жаңа терминал салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Мәжіліс отырысында ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеді. Жаңалықты әзербайжандық Trend ақпарат агентті жазды.

Қазақстан тарапы Алят портында, Мәскеу маңындағы Селятино кентінде, Беларусьтің Свислочь станциясында және Ташкентте терминалдар құрылысын бастауды пысықтап жатыр. Нысандардың құрылысы келесі жылы басталмақ. Жаңа терминалдардың жалпы қуаты жылына 1,2 миллион контейнерді құрайды деп болжанған.

«Болашақта Румынияның Констанца, Венгрияның Будапешт және Қытайдың Үрімші қалаларында бірлескен терминалдар құру жоспарланып отыр. Нәтижесінде сыртқы терминалдардың қуатты бес есе артады және қазақстандық көлік дәліздері арқылы жүк тасмалдайтын негізгі елдерден жүк жеткізу жеңілдейді», – деді министр.

CentralAsia: Депутат ЖОО оқу ақысын сынады

Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев Қазақстандағы жоғары білімге қолжетімділік мәселесін көтерді. Оның айтуынша, университеттегі оқу бағасының жоғары болуы студенттер мен олардың отбасындағы әлеуметтік жағдайды нашарлатуда. Мәселені CentralAsia қозғады.

Ашық дереккөздерге сенсек, талапкерлердің басым бөлігі ақылы негізде оқуға мәжбүр. Бұл ретте оқу ақысы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде – 1 млн теңгеге, Назарбаев Университетінде 9 млн теңгеге жетеді. Балабиевтің айтуынша, ЖОО-лар келісімшартқа инфляцияға байланысты төлемдерді индекстеу туралы ережені енгізген. Бұл тұтынушылардың құқына қысым жасау деп мәлімдеді.

Сондай-ақ кейбір ЖОО-да студенттер жатақханада тұру үшін жылына 1 млн теңгеге дейін төлейді. Бұл, әсіресе, жоғары курс студенттері үшін қаржылық ауыртпалыққа айналған.

«Студенттердің ата-анасының жалақысы артса, жақсы! Бірақ мұндай үдерісті байқамаймыз. Бұл – әлеуметтік әділетсіздік, – деді Қайрат Балабиев.

Депутат Ғылым және жоғары білім министрлігін баға саясатына қатысты бақылауды күшейтуге, жатақханалардағы жағдайды жақсартуға шақырды.

ТАСС: Қазақстан Арменияға шошқа етін экспорттай бастады

Қазақстандық кәсіпкерлер Арменияға шошқа етін экспорттай бастады. Негізгі жеткізуші – EMC Agro компаниясы. Қазіргі таңда алғашқы тасымал жасалған. Ақпаратты ресейлік TACC жариялады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарламасында 20 тонна мұздатылған шошқа еті Ереванға экспортталғаны айтылған. Алдағы уақытта көлемді арттыру жоспарланыпты.

Айта кетерлігі, EMC Agro компаниясы үшін бұл экспорт – шетелдік кәсіпкерлермен ынтымақтастықтың алғашқы тәжірибесі. Себебі бұған дейін кәсіпорын өнімі тек Қазақстанда сатылған.

«Грузияға шошқа етін экспорттау жөнінде де келіссөздер жүргіздік. Сондай күндердің бірінде алғашқы 20 тонна ет те осы елге жөнелтіледі. Мұны Қазақстан үшін үлкен оқиға деп атауға болады, өйткені бұл нарық біз үшін енді ғана ашылып жатыр. Армения мен Грузия бізден ай сайын 400 тоннаға дейін ет сатып алуға дайын екендіктерін білдірді», – деді компания өкілдері.

Министрлік мәліметінше, қазақстандық компания Қытайға да шошқа етін жеткізу жолын қарастыруда. EMC Agro мекемесінің өндірістік қуаты жылына – 20 мың тонна, тәулігіне – 30 тоннаға дейін өнім өндіруге мүмкіндігі бар.