Әлемдік бокс аңызы Эвандер Холифилд Қырғызстанға келді

АСТАНА.KAZINFORM - Әлем чемпионы және төрт дүркін ауыр салмақ чемпионы Эвандер Холифилд Қырғызстанға сапарының басты мақсаты жастарды қолдау және балалар спортын дамыту екенін айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі тілшісі.

Фото: Халықаралық кәсіби бокс кешінің ұйымдастыру комитеті

Аңызға айналған боксшының айтуынша, чемпионның шынайы мұрасы оның жеңіп алған титулдарының санымен емес, жастарды өмірде дұрыс жол таңдауға шабыттандыруымен өлшенеді.

-Мен Қырғызстанға балаларға үлгі болу үшін келдім. Егер осы сапардың арқасында бірнеше ұл мен қыз спортпен айналысып, бір күні чемпион атанса, онда менің миссиям орындалды. Мен барлық марапаттарымды жаңа ұрпақты шабыттандырған адам ретінде есте қалу мүмкіндігіне айырбастауға дайынмын, - деді Холифилд.

Фото: Халықаралық кәсіби бокс кешінің ұйымдастыру комитеті

Чемпион балалар спортын дамытуға ерекше назар аудармақшы. Ол Қырғызстанда жаңа әлемдік деңгейдегі спортшыларды тәрбиелеуге барлық әлеует бар деп санайды.

Фото: Халықаралық кәсіби бокс кешінің ұйымдастыру комитеті

-Мен мұнда талантты боксшылар бар екенін білемін. Бірақ мен Қырғызстаннан әлемге танылатын одан да көп чемпион көргім келеді, - деп атап өтті ол.

Кәсіби мансабынан зейнетке шыққаннан бері Эвандер Холифилд әлеуметтік және қайырымдылық іс-шараларына белсенді қатысып, жастар спорт жобаларын қолдап, балалар арасында спортты танымал етуге бағытталған бастамаларға үнемі қатысып келеді.

Сапар ұйымдастырушылары мұндай мәртебелі спортшының келуі тек кәсіби бокс үшін ғана емес, бүкіл ел үшін маңызды оқиға болатынын айтты.

Бұған дейін Эвандер Холифилдтің Қырғызстанда бокс академиясын ашуды жоспарлап отырғаны хабарланған болатын.