Әлемдік брендтермен жұмыс істейтін қазақстандық кибермодель инклюзияны дамытуда

АСТАНА. KAZINFORM – Қоғамда сұлулықты белгілі бір стандарттармен өлшеу әлі де басым. Дегенмен адамның ерекшелігі оның мүмкіндігін шектемей, керісінше, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын дәлелдеп жүрген жандар бар. Солардың бірі – халықаралық сән индустриясында танылған қазақстандық кибермодель Айман Молдабекова. Оның өмір жолы мен жетістіктері туралы Kazinform тілшісі баяндады.

Фото: Айман Молдабекованың жеке мұрағатынан

«Бәрінің қолы бар, ал сенің қолың қайда?»

Apple, Samsung, Yandex, YSL Beauty секілді әлемдік брендтермен жұмыс істеген Айман Молдабекова бүгінде Inclusive People жобасын дамытып, Forbes Kazakhstan басылымының «30 жасқа дейінгі 30 тұлға» рейтингіне енген. Алайда бұл жетістіктердің артында өзін қабылдау жолындағы ұзақ ізденіс жатыр.

Фото: Айман Молдабекованың жеке мұрағатынан

Айман оң қолының білезік тұсынан төменгі бөлігі жоқ болып дүниеге келген. Бала кезінде мұның себебін түсінбей, өзін қатарластарымен жиі салыстыратын. Әсіресе мектепте өзгелерден ерекшеленетінін сезіну оған оңай болмаған.

– Мектепте оқып жүргенде өзімді жайсыз сезінетінмін. Басқа балалардың екі қолы бар екенін көріп, өзіме не болғанын түсінбейтінмін. «Бәрінің қолы бар, ал сенің қолың қайда?» деп өзіме сұрақ қойдым. Бірақ сол уақытта резеңкеден жасалған, сырт көзге әдемі көрінбейтін протезім болды. Оны мүлде шешпей, қысылатынмын, – деп еске алады ол.

Кездейсоқ сапардан басталған модельдік мансап

Мектептен кейін Айман Алматы энергетика және байланыс университетіне оқуға түсіп, жылу энергетикасы мамандығын таңдады. Алайда диплом алған соң салада небәрі екі апта жұмыс істеп, мамандығының өзіне жақын емес екенін түсінген. Кейін кеңсе менеджері болып орналасып, қызмет бабымен Ыстанбұлға іссапарға барады. Дәл осы сапар оның өміріне жаңа бағыт сыйлаған.

– Компания Ыстанбұлға жұмыс істеуге жіберді. Сол жерде сән индустриясының өкілдері мені байқап қалды, – деді ол.

Фото: Айман Молдабекованың жеке мұрағатынан

Айманның модельдік мансабына 2016 жылы болған тағы бір оқиға да әсер етті. Сол жылы оған 3D-принтерде жасалған, тарту күшімен жұмыс істейтін протез орнатылды. Осыдан кейін ол фотосессияларға қатысып, сән көрсетілімдеріне шыға бастады. Кейін Mercedes-Benz Fashion Week секілді халықаралық шараларда бой көрсетті.

Фото: Айман Молдабекованың жеке мұрағатынан

Уақыт өте келе Айман протезді өзінің ерекшелігін жасыру үшін емес, қажет болған жағдайда ғана қолдана бастады.

– Бұрын айналамдағы адамдардың пікіріне қатты тәуелді болдым. Ішкі сенімді қалыптастыру үшін көп жұмыс істедім. Құрбыларым «Қысылма, протезсіз жүре бер» деп айтатын. Ақырында адамдардың мен туралы не ойлайтынына, қалай қабылдайтынына мән бермеуді үйрендім.

Протезді негізінен эстетикалық мақсатта қолдандым, өйткені оның функционалдық мүмкіндіктерін пайдаланбаймын. Барлық істі сол қолыммен жасауға әбден үйренгенмін. Ал бионикалық протезбен жүру ыңғайсыз. Оны үнемі өзіңмен бірге алып жүру керек, оның үстіне көбісі ауыр болады, – деді ол.

Әлемдік брендтермен әріптестік

Ыстанбұлдағы кездейсоқ таныстықтан кейін Айманның модельдік мансабы қарқын ала бастады. Ол Қазақстандағы алғашқы кибермодельдердің бірі ретінде танылып, түрлі елде жұмыс істеді. Танымал фотографтардың түсіріліміне қатысып, ресейлік «Би-2» тобының бейнебаянына түсті. Сондай-ақ компьютерлік ойын кейіпкерлерінің біріне айналды.

Осы кезеңдегі алғашқы кәсіби түсірілімі Айманның есінде ерекше сақталған. Ол 2016 жылы Санкт-Петербургте өтіп, модельдік портфолиосының қалыптасуына жол ашыпты.

– Әр түсірілімнің өз ерекшелігі бар. Дегенмен есімде ерекше сақталғаны – 2016 жылы Санкт-Петербургте өткен алғашқы кәсіби фототүсірілім. Онда керемет образдар жасалды. Танымал фотограф Владислав Корыстамен жұмыс істегенімді мақтан тұтамын. Ол мені модельдік жұмысқа дайындап, тамаша портфолио жасадық.

Apple компаниясымен әріптестік орнатуды армандайтынмын. Бұл арманым орындалғанда да ерекше әсерде болдым. 2018 жылы Ыстанбұлда болған оқиға да есімде. Бір қыз мені фотосессияға шақырды. Оған жету үшін шамамен үш сағат жол жүрдім. Ол мені үйінің кіреберісінде суретке түсіріп, нәтижесін модельдік агенттікке жіберуді ұсынды. Соңында модельдік агенттік мені жұмысқа шақырды, – деп еске алады Айман.

Фото: Айман Молдабекованың жеке мұрағатынан

Бүгінде ол Apple, YSL Beauty секілді әлемдік брендтермен жұмыс істейді. Дегенмен модель барлық ұсынысты қабылдай бермейді. Өзіне жақын, өнімдерін күнделікті пайдаланатын компаниялармен әріптестік орнатуға басымдық береді.

– Маған өзіме ұнайтын компаниялармен ғана жұмыс істеген ұнайды. Мысалы, Apple өнімдерін пайдаланамын. Сондықтан бұл брендпен әріптестік орнату мен үшін ерекше әсер сыйлады. YSL Beauty компаниясымен де солай. Алдағы уақытта Mercedes-Benz және Lego брендтерімен жұмыс істегім келеді.

Дегенмен соңғы уақытта шетелдік брендтердің ұсыныстарынан жиі бас тартып жүрмін. Қазақстанда көбірек танылып, еліміз үшін маңызды жобаларды жүзеге асырғым келеді, – деді ол.

Фото: Айман Молдабекованың жеке мұрағатынан

Халықаралық деңгейде тәжірибе жинаған Айман Қазақстандағы модельдік нарықтың мүмкіндігі әлі де шектеулі екенін айтады. Оның сөзінше, елімізде кибермодельдерге сұраныс аз, ал еңбекақы деңгейі жоғары емес. Сондықтан ол модельдік мансабымен қатар, басқа да бағыттарды дамытып, инклюзия саласындағы жобаларға көңіл бөліп келеді.

Инклюзияны дамыту – басты мақсат

Кибермодельдің айтуынша, кейде мүмкіндігі шектеулі адамдардың жетістігі елеусіз қалып жатады. Мұны өзгертуге деген ниет кейіпкерімізді Inclusive People жобасын құруға жетелеген.

Осылайша, модельдік мансап Айман үшін тек өзін танытудың жолы емес, қоғамдағы маңызды мәселелерді көтеретін алаңға айналды. Қазір ол Inclusive People жобасымен қатар, Inclusive Agency бастамасын да дамытып, әйелдер мен мүгедектігі бар адамдардың әлеуетін көрсетуге күш салып жүр.

Кейіпкеріміздің пікірінше, инклюзия әр адамның қоғам өміріне тең дәрежеде араласуына мүмкіндік беруден басталады. Ол үшін олардың шығармашылық қабілетін ашуға және түрлі салада өз орнын табуына жағдай жасау маңызды.

Бұған дейін сән әлемін мойындатқан қазақстандық жігіттің Ұлттық ұланда қызмет етіп жүргенін жазған едік.