Бұл жолы елордаға әлемдік Dota 2 аренасының алпауыт командалары – Xtreme Gaming және Vici Gaming келді. Екі команда да The International турнирінің финалында өнер көрсетіп, халықаралық деңгейдегі ең беделді жарыстарда жоғары нәтижелерімен танылған.
Xtreme Gaming Қазақстанға «Болашақ ойындарының» қазіргі чемпионы ретінде келді. Команда сапында Ame, NothingToSay, Xxs, fy және xNova өнер көрсетеді. Сонымен қатар ұжым The International 2026 турниріне тікелей жолдама алған. Ал Vici Gaming Dota 2 тарихындағы ең танымал клубтардың бірі саналады. Команда бірнеше мәрте ірі халықаралық турнирлерде жоғары нәтиже көрсетіп, The International жарысының финалына дейін жеткен.
Бұдан бөлек, Астанаға Team Resilience және Zero Tenacity командалары да келді. Олар MOBA PC Dota 2 Presented by Bank CenterCredit дисциплинасында чемпиондық атақ үшін бақ сынайды.
Аталған турнирде Қазақстан намысын Rune Eaters командасы қорғайды. Команда құрамында Даниял Әлібай, Әбдімәлік Сайлау, Әлім Беспаев, Айбек Тоқаев және Никита Остахов өнер көрсетеді.
Сондай-ақ елордаға DIGA Esports командасы да келді. Қазақстандық ұжым Battle Royale – PUBG: BATTLEGROUNDS Presented by Alatau City Bank дисциплинасында ел намысын қорғайды.
Dota 2 турниріне барлығы 16 команда қатысып, 1 миллион АҚШ доллары көлеміндегі жүлде қорын сарапқа салады. Ойындар 2-5 тамыз күндері Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді.
Ал Battle Royale – PUBG: BATTLEGROUNDS Presented by Alatau City Bank жарыстары 31 шілде мен 2 тамыз аралығында Beeline Arena Ұлттық теннис орталығында ұйымдастырылады.
«Болашақ ойындары – 2026» (GOTF 2026) powered by Samruk-Kazyna халықаралық мультиспорт турнирі 29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астанада өтеді. Дүбірлі додаға 50-ден астам елден 800-ден астам спортшы қатысады.
Елордаға әлемдегі жетекші фиджитал және киберспорт командалары келгенін жазған едік.