Әлемдік экономиканың өсімі 2026 жылы 2,8 пайызға дейін баяулайды

АСТАНА. KAZINFORM — Әлемдік экономиканың өсімі 2025 жылғы 3,4 пайыздан 2026 жылы 2,8 пайызға дейін баяулап, кейін 2027 жылы қайтадан 3,1 пайызға дейін қалпына келеді. Мұндай болжамды сәрсенбі күні Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) жариялаған. Бұл туралы Синьхуа агенттігі жазды.

Коллаж: Kazinform/ Canva

ЭЫДҰ-ның «Экономикалық шолуында» атап өтілгендей, әлемдік экономика 2026 жылға көптеген сарапшылар күткеннен де мықты көрсеткіштермен қадам басқанымен, Таяу Шығыстағы қақтығыс оның болашағын айқындайтын басты факторға айналды.

Ұйым сарапшыларының пікірінше, қақтығыстың қалай өрбитіні әзірге белгісіз, ал оның экономикалық салдары әскери іс-қимылдар аяқталғаннан кейін де біраз уақыт бойы сезілуі мүмкін.

Осыған байланысты ЭЫДҰ екі ықтимал даму сценарийін ұсынды: қысқа мерзімді жағымсыз әсерлермен шектелетін уақытша тұрақсыздық және салдары ауқымды әрі ұзаққа созылатын тұрақсыздық.

АҚШ пен Иран арасындағы бейбіт келісімге қол жеткізу мүмкіндігі артып, 2026 жылдың ортасынан бастап энергия тасымалдаушылар бағасы біртіндеп төмендейді деген базалық сценарийге сәйкес, ЭЫДҰ әлемдік экономиканың өсімі 2025 жылғы 3,4 пайыздан 2026 жылы 2,8 пайызға дейін баяулап, 2027 жылы 3,1 пайызға дейін қалпына келеді деп болжап отыр.