Әлемдік көшбасшылар Газадағы соғыстың аяқталуына қалай қарайды

Фото: Al Jazeera

АСТАНА.KAZINFORM — Сәрсенбі күні жарияланған Израиль мен ХАМАС арасындағы кепілге алынғандарды босату бойынша келісімге қол жеткізілгені туралы хабарламаны әлемдік көшбасшылар құптады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

АҚШ президенті Джо Байден бұл жаңалыққа «қуанышты» екенін айтты, сонымен қатар 2023 жылдың 7 қазанында ХАМАС шабуылы мен одан кейінгі соғыста қаза тапқандарды еске алды.

— Бұл мәміле Газа секторындағы соғы қимылдарын тоқтатып, палестиналық бейбіт тұрғындарға қажетті гуманитарлық көмек көлемін арттырады және 15 айдан астам тұтқында болған кепілге алынғандарды отбасыларымен қауыштырады, — деді ол.

АҚШ-тың қайта сайланған президенті Дональд Трамп бұл келісімді өзінің еңбегі деп бағалады және бұл жаңалықпен өзінің Truth social платформасында бөлісіп, бұл жетістікті қараша айындағы сайлаудағы «тарихи жеңісі» деп атады.

— Бізде Таяу Шығыстағы кепілге алынғандар туралы келісім бар. Олар жақын арада босатылады, — деп жазды ол.

Трамп әкімшілігінің Таяу Шығыстағы арнайы өкілі Стив Уиткофф келіссөздердің соңғы күндерінде маңызды рөл атқарып, келісімге келу үшін аймақтағы елдерге барды.

Трамп «Осы келісімнің арқасында Таяу Шығыстағы арнайы елші Стив Виткоффтың қолдауымен менің Ұлттық қауіпсіздік жөіндегі тобым Газаның ешқашан терроршылар үшін қауіпсіз баспанаға айналмауы үшін Израильмен және біздің одақтастарымызбен тығыз жұмыс істеуді жалғастырады» деп қосты.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху сәрсенбі күні Дональд Трамппен және Джо Байденмен бөлек сөйлесіп, атысты тоқтатуға және кепілге алынғандарды босатуға көмектескені үшін алғыс айтты.

Қалған екі халықаралық делдал Катар мен Мысыр бұл келісімді құптап, бұл Газа секторындағы гуманитарлық көмектің артуына және Израиль мен ХАМАС арасындағы қақтығыстардың біржола тоқтатылуына әкелетініне үміттенетінін айтты.

Мысыр президенті Абдел Фаттах әл-Сиси келісім күшіне енгеннен кейін Газаға гуманитарлық көмекті тез жеткізудің маңыздылығына тоқталды. Мысыр басшысы бұл келісімге «Мысыр, Қатар және Америка Құрама Штаттарының араша түсуімен бір жылдан астам уақыт бойы жүргізілген қарқынды күш-жігердің» нәтижесінде қол жеткізілгенін айтты.

Қатар премьер-министрі шейх Мұхаммед бин Абдулрахман әл-Тани Израиль мен ХАМАС-тың Газа секторындағы соғысты тоқтатуға келіскенін растаған алғашқы шенеуніктердің бірі болды.

— Біз сенім және адалдықпен осы күнге жеттік. Әріптестерімізбен бірлесе отырып, біз осы келісімнің орындалуын қамтамасыз етеміз, — деді Қатар премьер-министрі.

Катар премьер-министрі атысты тоқтату келісімі 19 қаңтарда күшіне енгенше Газа секторын тыныштыққа шақырды.

Ол бұл мәміле алға жылжуға жасалған алғашқы қадам ғана екенін айтты.

— Біз келісімнің барлық шарттары орындалғанша, бейбітшілікке қол жеткізгенше және соғыстың соңғы бетін жапқанша жұмысымызды жалғастырамыз, — деп атап көрсетті әл-Тани.

Сауд Арабиясы келісімді құптап, Израильдің Газа секторындағы «агрессиясын» тоқтатуға міндеттеме алуға шақырды.

Иран парламентінің спикері Мұхаммад Багер Галибаф «палестиналықтардың батыл қарсыласуы» сионистік құрылымның «стратегиялық мақсаттарына» жетуіне кедергі келтіргенін айтты. Оның айтуынша, әлем «қылмыстық режимді» жазалауы және «Палестина халқының жарасын емдеуі» керек.

Біріккен Араб Әмірліктерінің Сыртқы істер министрі Абдулла бин Заид Әл-Нахайян «Израильдің де, ХАМАС-тың да палестиналық тұтқындар мен израильдік кепілге алынғандардың азаптарын тоқтату жөніндегі міндеттемелерін сақтауының маңыздылығын» атап өтті.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған келісім палестиналықтар мен аймақ үшін тұрақты бейбітшілікке жол ашатынына үміт білдірді. Сондай-ақ Түркияның Газа халқын қолындағы бар мүмкіндігінше қолдауды жалғастыратынын айтты.

Иордания да мәлімдеме жасап, келісімді құптап, әлемдік державаларды Газаға көмектің тез жеткізілуін қамтамасыз етуге шақырды.

Йемендік хуситтердің өкілі Мұхаммед Абдулсалам да келісімді құптады.

— Израильдің Палестина халқына қарсы аяусыз агрессиясына қарсы Газаның аңызға айналған және тарихи төзімділігін ұмытпаймыз, — деді Абдулсалам.

Британ премьер-министрі Кир Стармер келісімді құптап, оны «израильдіктер мен палестиналықтар көптен күткен жаңалық» деп атады.

Стармер бұл мәміле «Газадағы қайғы-қасіретті тоқтату үшін өте қажет гуманитарлық көмектің орасан зор көлемін жеткізу» және содан кейін екі мемлекетті шешімге жету үшін пайдаланылуы керек деді.

Германия канцлері Олаф Шольц келісімді жақсы жаңалық деп атап, оны қатаң түрде орындауға шақырды.

— Барлық кепілге алынғандар босатылып, марқұмдардың сүйегі лайықты жерленуі үшін отбасыларына қайтарылуы керек, — деп жазды ол.

Ол келісімнің «соғысты түпкілікті тоқтатуға және Газа секторындағы ауыр гуманитарлық жағдайды жақсартуға есік ашатынын» және Германияның осы мақсатта жұмыс істеуін жалғастыратынын айтты.

Франция президенті Эммануэль Макрон X әлеуметтік желідегі жазбасында келісімді жоғары бағалап, 15 айлық «ақталмайтын сынақтардан» кейін «Газа халқына үлкен жеңілдік, кепілге алынғандар мен олардың отбасыларына үміт» әкелді деп айтты.

Ол өзінің ойлары тұтқында қалған екі француз-израильдік кепілге алынған Охад Яхаломи мен Офер Кальдерон туралы екенін айтты.

— Келісім сақталып, кепілге алынғандар босатылып, Газа халқы құтқарылып, саяси шешім табылуы керек, — деп жазды ол.

Макрон келісімнен кейін Газадағы қақтығысты тоқтату үшін «саяси шешім» болуы керек деді.

Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен бұл мәміле адамдар ұзақ уақыт бойы үлкен азапты бастан өткерген бүкіл аймаққа үміт берді деп мәлімдеді.

Испания президенті Педро Санчес та келісімді құптайтынын айтып, ол қақтығысты тоқтатып, Газадағы ауыр гуманитарлық жағдайды реттеуге және барлық кепілге алынғандарды босатуға тиіс екенін айтты.

Оңтүстік Африка «Израильдің Газаға 15 айлық геноцид шабуылынан» кейін «палестиналықтардың да, израильдіктердің де адам құқықтарының қорғалуын және ілгерілетуін қамтамасыз ететін әділ және тұрақты бейбітшілікке» шақырды.

Бұған дейін хабарланғандай, Израиль мен ХАМАС атысты тоқтату туралы келісімге келді.