8 маусымда сауда-саттық басталғанда Brent маркалы мұнайдың тамыз айына арналған фьючерстері алдыңғы сауда күнінің жабылу бағасымен салыстырғанда 3,6 пайыз қымбаттап, баррелі 96,7 долларға жетті.
WTI маркалы америкалық мұнайдың бағасы да өсіп, баррелі 93,5 доллар болды. Ал Urals маркалы мұнайдың бір баррелі шамамен 86,3 доллардан сатылып жатыр.
Мұнай бағасының өсуіне Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуі және Парсы шығанағынан мұнай мен газ жеткізуге қатысты алаңдаушылық себеп болып отыр.
Сарапшылардың айтуынша, АҚШ, Израиль және Иран арасындағы қақтығыс болып жатқан 100 күн ішінде әлемдік сауда үшін стратегиялық маңызы бар Ормуз бұғазы арқылы шамамен 1 мың кеме өткен. Бұл қалыпты жағдайда бұғаз арқылы бір аптада өтетін кемелер санына тең.
7 маусым күні кешке Иран Израильдің солтүстік бөлігіне зымырандар атты. The Times of Israel басылымының мәліметінше, бұл — сәуір айынан бері жасалған алғашқы осындай шабуыл. Ал Тегеран мұны Израильдің Ливандағы әрекеттеріне жауап деп атады.
Еске салайық, бұған дейін Израиль әскері атысты тоқтату режиміне қарамастан Ливанның оңтүстігіндегі Набатия провинциясына әуе соққыларын жасағанын хабарлағанбыз.