Әлемдік рекорд: Роналду дубль жасап, 915-ші голын соқты
АСТАНА. KAZINFORM – «Әл-Наср» клубының шабуылшысы Криштиану Роналду Сауд Арабиясы чемпионатының 12-туры аясында «Дамакқа» қарсы ойында командасына жеңіс әкелді, деп хабарлайды Sports.kz.
«Әл-Наср» 2:0 есебімен жеңіске жетті. Бұл ойында Роналду дубль жасады: әуелі португалдық футболшы 17-минутта пенальтиден есеп ашса, 79-шы минутта екінші голды соқты. 56 минуттан бастап Дамак он адаммен ойнады: Абделькадер Бедран қызыл қағаз алды.
Бұл жеңісімен «Әл-Наср» 25 ұпай жинады. Клуб турнир кестесінде үшінші орында келеді. Команда көшбасшысына келетін болсақ, дубльдің арқасында Криштиану Роналду өзінің әлемдік рекордын жақсартты – қазір португалдық шабуылшының кәсіби мансабында соққан 915 голы бар.
Айта кетейік, бұған дейін Роналду ресми матчтарда 900 гол соққан алғашқы ойыншы атанғаны туралы жазған едік.