АСТАНА. KAZINFORM — Кәсіби теннисшілер қауымдастығы (ATP) жария еткен рейтингіде қазақстандықтардың орындары белгілі болды.
Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик 13-тен 11-орынға шықты. Бұл — оның әлемдік рейтингідегі жеке рекордтық көрсеткіші. Өткен аптада Бублик 16-дан 13-ке көтерілген еді.
Осылайша, А.Бублик үздік ондыққа кіруге жақындады.
Қазіргі кезде Италияның Турин қаласында өтіп жатқан ATP қорытынды турнирінде қазақстандық теннисші қосалқы ойыншы ретінде тіркелген.
Тағы бір қазақстандық Александр Шевченко 97-ден 95-ке жоғарылады.
Әлемдік рейтингіде испаниялық Карлос Алькарас италиялық Янник Синнерді ығыстырып, қайтадан көш бастады. Германиялық Александр Зверев үздік үштікті түйіндеп тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Рыбакинаның WTA қорытынды турнирін ұтқан алғашқы азиялық теннисші атанғанын жазған едік.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев теннисші Елена Рыбакинаны жеңісімен құттықтады.
Елена Рыбакина әлемдік рейтингіде үздік бестікке енді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).