Әлемдік жұлдыздардың концерті қазынаға 1 млрд теңгеден астам қаржы әкелуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл елімізде әлемге танымал бірнеше әртіс концерт береді. «А» санатындағы әлемдік концерттерден ел қазынасына 1 млрд теңгеден астам қаржы түседі деген болжам бар. Толығырақ «Астана Концерт» компаниясының продюсері Мәлік Хасенов айтып берді.
— Алдағы 3 жыл ішінде «A» санатындағы 10-нан астам концерт өткіземіз, бұл үдеріс қазірдің өзінде басталып кетті. Биылды қорытындылай келе концерттерді ұйымдастырумен айналысатын компаниялар тобы 1 миллиард теңгеден астам салық төлейді деп айтуға болады. Біз әлі концерттің экономикалық жалпы әсері туралы айтқан жоқпыз. Себебі біз Джей Лоның Астана мен Алматыдағы концертіне келетін туристер саны 18 мың адамға жуықтайды деп отырмыз. Ал Backstreet Boys тобы концертінен одан да жоғары көрсеткіш күтіп отырмыз, — деді Мәлік Хасенов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, қазір «Астана концерт» командасы жаңа жобалар бойынша келіссөз жүргізіп жатыр.
— 10-нан астам жұлдызбен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Жұлдыздардың тур кестесін біліп, соның арасына Астананы кірістіру керек. Тур аясында билет бағасы әр кезде әртүрлі болады, оның үстіне логистика мен концерттік бағдарламаға да байланысты, — дейді ол.
Дегенмен әлемдік деңгейдегі концерт ұйымдастырушылар алдағы уақытта елімізге келетін жұлдыздардың есімін әзірге жарияламай отыр.
— Қазір біз нақты есімдерді және кімнен алдын ала келісім алғанымызды айта алмаймыз. Келесі жылға үш расталған келісім бар. Жобалардың әзірлік деңгейі — 70%. Әлемдік деңгейдегі орындаушылардың Қазақстанда өнер көрсетуін ұйымдастыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз, — дейді Мәлік Хасенов.
Бұған дейін хабарлағанымыздай Backstreet Boys тобының концертіне билет 14 шілдеде сатылымға шығады. Концерт Алматы және Астана қаласында өтеді.
Еске салайық, биыл 1 тамызда әлемге танымал поп-жұлдыз Дженнифер Лопес Астанада концерт береді.