Әлемге әйгілі 1 000 кітап өзбек тіліне аударылады

Әлемге белгілі 1 000 кітап өзбек тіліне аударылады. Ал оқырмандар оны мобильді қосымша арқылы тегін оқи алады, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: pixabay.com

Өзбекстан Әділет министрлігінің мәліметінше, 28 қарашада «Жастарға арналған 1 000 кітап» жобасын іске асыру шаралары туралы» президент қаулысы қабылданды. Жобаны іске асыру Жастар ісі жөніндегі агенттікке жүктелді. 

Кітаптарды аудару және басып шығару екі кезең бойынша жүзеге асады. Бастапқыда сараптамалық кеңес жыл сайын туындылардың алдын ала тізімін жасайды. Екінші кезеңде оны Жастар ісі жөніндегі агенттіктің ақпараттық жүйелерінде жариялайды. Тиісінше ол жерден өзбекстандықтар өздеріне ұнайтын кітаптарға дауыс береді. Осылайша, аударылатын еңбектердің түпкілікті тізімі құрастырылады. 

Жоба шеңберінде жыл сайын шығарылатын кітаптардың кемінде 20 пайызы ғылыми-көпшілік шығармалар болады. 2023-2024 жылдары 50 кітапты аудару, шығаруға дайындау және басып шығару жоспарланып отыр. 

Сонымен қатар өзбек тіліндегі әдебиеттер жинақталған және тегін оқуға болатын арнайы мобильді қосымша құрастырылады.