Әлемге әйгілі әнші Николь Шерзингер Алматының табиғатына тамсанды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Америкалық танымал әнші Николь Шерзингер Алматы қаласында концерт берді.
2000 жылдары әндері әлемдік музыкалық чарттарда хит болған «Pussycat Dolls» тобының вокалисі қонақүйге орналасқан бойда әсерімен бөлісіп, видео жариялады.
«Мен жаңа ғана келдім, ал табыңдар, мен қайдамын? Мына кереметті қараңдаршы! Ғажап қой! Таң атып, күн шығып келеді. Мен Қазақстандамын. Қобалжып тұрмын. Бұл жер рухыңды жандандырады, менің кеткім келмейді», - деді Николь Шерзингер Instagram парақшасында.
Күні кеше Алматыда Никольдің концерті өтті. Әлеуметтік желі қолданушылары концерттен алған әсерімен жарыса бөлісіп жатыр.
«Біздің жастық шақтағы әндер», «Ол бізге тағы да келеді деп үміттенемін», «Концертіне тағы да барар едім» «Ең сүйікті әншім», «Николь Алматыда», «Балалық арманым», «Керемет! 45 жасымда Никольдай көрінгім келеді», «Николь бомба», деп жазды желі қолданушылары.
Еске салсақ, жақында қазақтардың америкалық танымал рэпер Snoop Dogg-қа шапан жапқаны туралы хабарлаған едік. Айта кетейік, рэпер Snoop Dogg пен «Pussycat Dolls» тобының «Buttons» атты әні 2009-2010 жылдары хит болған еді.