«Егемен Қазақстан» газетінің 1 желтоқсан күні шыққан санындаҚР Парламенті Сенатының депутаты, Палатаның Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы, кеше ғана Астанада отырысы өткен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының мүшесі Қуаныш Сұлтановтың «Рух Төрелігі» атты көлемді мақаласы басылды. «Еуропа өз шешімінде қателескен жоқ. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы бірден серпіліспен басталды. Ұйым мүшелеріне бұрын болмаған тың жоба ұсынылды. 2010 жыл ЕҚЫҰ-ға жаңа дем берді. Жыл бойына Іс басындағы төраға, Қазақстан Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев ЕҚЫҰ-ның кеңістігіндегі елдерге сапарын толассыз жүргізіп, қордаланып қалған қайшылықты проблемаларды шешу жолдарын талқылаумен келеді. Төрағалық аясында бір жыл ішінде бұдан бұрын өткізілмеген халықаралық ұйымның беделін көтеретін нақты шаралар өткізілді. Солардың ең бастысы, сөз жоқ, 11 жылдан бері кездесудің реті болмаған мемлекет Басшыларының Саммиті», - дейді Қ. Сұлтанов мақаласында.
«Егемен Қазақстан» басылымының осы күні жарық көрген санында «Әлемге бірлігі жарасқан берекелі ел ретінде танылдық» деген тақырыппен «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулинмен болған сұхбаты шықты. Тілші сұрақтарына тігісін жатқызып тұрып жауап берген Н. Нығматуллин: «Алдағы болатын Саммиттің негізгі мақсаты айқын, ол еуразиялық қауіпсіздік санатын өзекті етумен қатар, ЕҚЫҰ-ны қазіргі заман талаптарына бейімдеуге жасалған тың қадам болып табылады. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі Ұйым қызметіндегі осы жаңа басымдықты нығайтуға жәрдемдесетін болады. Біз ЕҚЫҰ-ны нығайтуға, қауіпсіздіктің әртүрлі өлшемдерінің арасында орын алатын теңгерімсіздікті болдырмауға жәрдемдесетін шешімдер күтеміз. Мұның өзі ұйымның жаңа сынақтар мен қатерлерге қарсы іс-қимыл жасау жөніндегі мүмкіндіктерін кеңейту тұрғысында өте маңызды», - дейді.
«Айқын» газетінің бүгінгі нөмірінде «Пан Ги МУН, БҰҰ Бас хатшысы: Бұл - Қазақстанның көшбасшылығын мойындау, Президент Назарбаевтың халықаралық деңгейде мойындалуы» деген тақырыппен мақала жарияланды. Онда кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев батыстық беделді ұйымның ұлы құрылтайына қатысу үшін Қазақ елінің бас қаласына келіп жатқан биік мәртебелі меймандарын өз Ақордасында қабылдады. Қазақ жеріне алғашқылардың бірі болып, жаһандық ұйымның басшысы - БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун табан тірегені айтылады. «Нұрсұлтан Назарбаев пен Пан Ги Мун Қазақ елі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының тізе қоса жасайтын іс-қимылын талқылаған, жаһандық және аймақтық саясаттағы ең көкейкесті түйткілдерді әңгіме етіп, жіліктеген. «Мен Президенттің ядролық қарусыздану және жаппай қырып-жою қаруларын таратпау туралы жаһандық бастамасын ризашылықпен атап өттім. Қазақстанның көшбасшысының Жарлығымен Семей ядролық полигонының жабылғанына екпін салдым, - деді қабылдаудан кейін журналистерге сұхбат берген Пан Ги Мун. - Біз, бүкіл әлем болып, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл халықаралық күні ретінде атап өтеміз. Бұл - қазақтардың тарихта қалар ізі», - делінген мақалада.
«Айқын» басылымының осы санында «Қазақстан - жаһандық деңгейде ойлайтын мемлекет» атты көлемді мақала шықты. Мұнда «бүгінде әлемдік дипломатияның белсенді ойыншысы болып отырған Қазақстан үшін ЕҚЫҰ Саммиті не береді, сонымен қатар бұл құрылтайдан Әлем не күтеді?» деген тақырыпта сарапшының пікірі көрініс тапқан. «ЕҚЫҰ саммиті сирек өтетін болғандықтан Астанада өтіп жатқан алқалы жиында өте маңызды шешімдер қабылданатын болады. Бұл мәселен, Приднестровье мен Таулы Қарабах кикілжіңдерін реттеуге қатысты болуы мүмкін. Егер ЕҚЫҰ-ның қорытынды құжаты Хельсинки хартиясы сияқты «Астана хартиясы» деген атпен қабылданатындай жағдай туындап жатса, таңғалудың қажеті жоқ», - деп түйіндейді сөзін мақала авторы.
«Алаш айнасы» басылымының бүгінгі жарияланымында «Қазақстандық көзқарас кейбір нормаларды қайта қарауға негіз болады» атты тақырыбында мақала шықты. «ЕҚЫҰ дүниежүзілік саяси-экономикалық жүйені қалыптастыратын институттардың бірі. Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ), Халықаралық валюта қоры (ХВҚ), Дүниежүзілік банк (ДБ) тәрізді ұйымдардың мақсаты - саяси-экономикалық идеялар мен нормаларды қалыптастыру және оларды насихаттау екені белгілі. Қазіргі таңда бұл ұйымдар әлемдік еркін сауда ортасын қалыптастыру, мемлекеттің экономикаға араласуын шектеу және бәсекелестікті дамыту сияқты нормаларды насихаттайды. ЕҚЫҰ-ға қатысты бұл нормалар «Кәсіпкерлік және инвестициялық ортаны жақсартуға арналған үздік үлгі-нұсқаулығында» (Best-Practice Guide for a Positive Business and Investment Climate) қарастырылған», деп баяндалатын материалдың барысында «бұл нормалар Қазақстанның және басқа да дамушы елдердін экономикалық дамуына үлес қоса ма?» деген сұраққа жауап ізделеді.
Сонымен қатар басылым Бішкек қаласындағы спорт сарайларының бірінде кеше таңғы сағат 8.50-де болған жарылыс туралы «Бішкекте жарылыс болып, алты адам зардап шекті» деген тақырыпта кеңейтілген ақпарат жариялады.
1 желтоқсан күні «Казахстанская правда» басылымында кеше ғана Астанада өткен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы отырысының жұмысы жайында «Субъект глобального доверия» атты мақала басылды. Сонымен қатар АҚШ-тың мелекеттік хатшысы Хиллари Клинтонның елордадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ЖОО-ның оқытушы-профессорлық құрамымен және Қазақстанның ҮЕҰ-мен болған кездесуі туралы «Хиллари Клинтон: Прогресс очевиден» атты ақпарат жарық көрді.