Әлемге танылған Кабирхан тұлпары қазір қайда
15:09, 23 Сәуір 2025
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Кабирханның иесі Тілек Мұхамбетқалиев агенттік тілшісіне қазір сәйгүлік қайда екенін айтты.
Оның айтуынша, талай жарыста дүл-дүл озған Кабирхан қазір Дубайда. Жарыс маусымы аяқталғандықтан, ол күзге дейін сонда болады. Жаңа маусымға дейін демалады және дайындалады.
— Жағдайы жақсы, — деді Тілек Мұхамбетқалиев.
Еске салайық, былтыр 12 қаңтарда Дубайдағы Мейдан ипподромында өткен беделді бәйгеде қазақстандық Кабирхан есімді тұлпар жеңіске жетті.
Одан кейін Дубайда өткен Al Maktoum Challenge турнирінің бірінші топтағы үздік аттар бәйгесінде Кабирхан мәре сызығын тағы да бірінші болып кесті.
«Республикалық зауыт жылқылары тұқымы палатасы» президенті Талғат Жайсанбаев Кабирхан әлемдегі ең үздік ондыққа кіре алатынын айтты.