Әлемге танылған Димаш Құдайбергенді түркітілдес елдердің БАҚ-тары айтарлықтай көрсете алмады - Нұртөре Жүсіп

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Әлемге танылған Димаш Құдайбергенді  түркітілдес елдердің БАҚ-тары айтарлықтай көрсете алмады.  Сондықтан болашақта  түркі баласының кез келген жетістігін кеңінен насихаттап,  маңызды оқиғаға айналдыруымыз керек.

 Түркі әлемі елдері БАҚ өкілдерінің басын қосқан халықаралық журналистер форумында сөз сөйлеген «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп осылай айтты. Танымал журналист сондай-ақ  бауырлас елдердегі әріптестерін бірігіп жұміс істеуге шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

 

«Бірлік мәселесін қарапайым дүниелерден бастаған дұрыс деп ойлаймын. Мәселен, түркі баласы ғарышқа ұшатын болса да,  жаңағыдай үлкен жетістікке жететін болса да біз сол ақпаратты маңызды кеңінен көрсетуге тырысуымыз керек. Мәселен сол Димашты Франция еліндегідей шақырып, Түркияда, Әзербайжанда, Қырғызстанда шақырып ән айттырса несі айып. Алдымызда «ЭКСПО-2017»  халықаралық көрмесіне бауырлас елдердің танымал әншілері келіп, қазақ, түрік елдерінде ән айтса деген ойлар келеді»,- деді Нұртөре Жүсіп.

 

Ол сонымен қатар  осы түркі тілдес елдерінің ақпарат кеңістігін дамыту үшін ондағы жетекші ақпарат агенттіктері өзара меморандумға қол қойып, барлық рухани, мәдени, тарихи  осындай ортақ ақпараттарды бірлесе насихаттау жөнінде өзара келісімге келуге шақырды.

 

« Түркі әлемінің үлкен тұлғаларын біріктіру керек деп ойлаймын. Мәселен, әлемнің екінші Аристотелі атанған Әл-Фарабиді неге насихаттамасқа. Оны зерттейтін жас ғалымдарды марапаттап, қанаттандырса деген ұсынысым бар. Одан кейін Қожа Ахмет Ясауи мұраларын тархи сабақтастық, бауырластық ретінде негізгі бір басымдыққа алуға болады. Сонымен қатар түркі елдеріне ортақ Қорқыт ата мұраларын насихаттаса болады деп ойлаймын. Бұл істер біздің бауырластығымызды күшейткеннен басқа зияны болмас еді. Түркі елдері арасында мәдениетін, салт дәстүрін дәріптейтін фильмдер түсірілсе болар еді»,- деді «Айқын» газетінің бас редакторы.