Әлемге танымал Анна Нетребко астаналық опера сахнасында ән шырқайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Опера өнеріндегі сұранысы ең жоғары әнші - Анна Нетребко Қазақстанда алғаш рет концерт береді, деп хабарлайды «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі.

Әлемнің ең үздік сахналарын бағындырған ол 5 шілдеде, Астана күні қарсаңында «Астана Операда» өнер көрсетеді.

Әнші Краснодар қаласының тумасы. Ол Санкт-Петербордағы консерваторияны вокал класы бойынша тәмамдады, Осыдан тура 20 жыл бұрын Анна Нетребко Мариинский театрында сахнаға алғаш рет шыққан еді. Анна Нетребко елордада «Манон Леско» операсынан Манонның «In quelle trine morbide» арияларын, «Андре Шенье» операсынан Мадленнің «La mamma morta» арияларын, «Адриана Лекуврёр» операсынан Адриананың «Io son l'umille ancella» арияларын, «Су перісі» операсынан Су перісінің «Song to the Moon» арияларын және басқасын орындайды.

Примадоннамен бірге сахнада өнер көрсететін кештің арнайы қонақтары - скрипкашы Вадим Репин (Бельгия) және Мариинский театрының солиті Ахмед Ағади (Ресей). Тыңдарман назарына ұсынылатын шығармалар: «Травиата» операсынан Stretta dell'introduzione et Brindisi «Libiamo ne'lieti calici», «Сыған қыздың» скрипка мен оркестрге арналған концерттік рапсодиясы, «Кармен» операсындағы тақырыптар Фантазиясы және т.б.

Концерт «Астана Опера» симфониялық оркестрі мен хорының сүйемелдеуімен өтеді. Дирижерлық тізгінде - ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов. Хормейстер - ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов. Концерт Қазақстан Республикасы Президентінің тағайындауы бойынша «Астана Опера» Қамқоршылар Кеңесінің мәдени мүшесі болып табылатын Қазақстандағы бизнеспен айналысқан алғашқы әйелдердің бірі Әлфия Қуанышеваның демеушілігінің арқасында жүзеге асты.

«Оскар Уайльд айтқандай, өнер сыйлайтын игілік біздің нені үйренетіндігімізде емес, соның арқасында біздің қандай адам болатынымызда», - деп пікііііірімен бөлісті Әлфия Қуанышева.