Әлемге жаңа Қазақстанды танытқымыз келеді – Президент Телерадиокешені директорының орынбасары

АСТАНА. ҚазАқпарат – «Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені» КЕАҚ Бас директорының орынбасары Тілеген Әбішев елордадағы Орталық Азия медиафорумында холдинг құрамындағы жаңа жобалар туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені – еліміздің ақпарат кеңістігіндегі әртараптандырылған, бірнеше медиакомпаниялардың басын бір арнаға тоғыстырған, құрылымы мен құзыреті ерекше бірегей холдинг. Біз биылғы жылдан бастап, бірнеше үлкен компанияларды өзіміздің медиа активке біріктірдік. Жекелеп айтар болсақ, бұл медиақұрылым активтеріне ел аумағында тәулік бойы хабар тарататын «Jibek Joly» телеарнасы, одан кейін халықаралық кеңістікке тарайтын «SilkWay» арнасы және «Kazinform» халықаралық ақпарат агенттігі, KazTube медиаплатформасы және «Деректі фильмдер орталығы» кіреді», - деді Тілеген Әбішев.

Оның айтуынша, тиімді әрі бірегей медиаплатформа құру үшін ақпараттық кеңістік кез келген сұранымға сай болуы тиіс.

«Жобаларға жеке-жеке тоқталсақ, биыл біз «Jibek Joly» телеарнасы сынды жаңа арнаның қалыптасуына күш жұмсадық. Бар-жоғы 4 айдың ішінде «Jibek Joly» арнасының жұмысын бастағалы бірнеше жанрда хабарлар түсірдік. Отбасылық телеарна болғандықтан, ақпараттық, сараптамалық, ток-шоу танымдық жанрды қамтитын 15 жаңа бағдарлама эфирге шықты. Хабар тарату тәулік бойы жүзеге асырылады. Оған қоса, телеарна өз аудиториясына әлемдік, отандық киноиндустрияның танымал туындылары мен түрлі телехикаялар және кішкентай көрермендер үшін мультфильмдер ұсынып келеді. Бір сөзбен айтқанда, кез келген жастағы көрермен өз таным-талғамына сай өнімдерді эфирден көре алады», - деді спикер.

Сонымен бірге Президент телерадиокешеніне қарасты «SilkWay» халықаралық телеарнасы әлемнің 120 еліне қазақ, орыс, ағылшын, қырғыз, өзбек тілдерінде дубляж арқылы хабар таратады. Биылғы сәуірден бастап, арна эфирі 70 пайызға жаңартылды, жаңа жобалар қосылды, оған қоса арнада ағылшын тілінде күніне 4 мәрте хабар тарататын жаңалықтар бағдарламасы да шыға бастады.

«Президент телерадиокешені шет мемлекеттерден, соның ішінде Қазақстанның сыртқы саяси мүдделеріне басымдық беретін аймақтарда телеарнаның үздік жобаларын және оның кең тарауына, жүйелі жұмыс істеуіне ықпал жасап келеді. Қазіргі уақытта Президент телерадиокешені «SilkWay» телеарнасының отандық медианарықтағы үздік жобаларын, Қырғызстанның ақпарат кеңістігіне таралуын жүзеге асыруды аяқтады, енді нақты келіссөздер жүргізіп жатыр», - деді Т. Әбішев.

Ал «Kazinform» халықаралық ақпарат агенттігі – еліміздегі медианарықта жариялану жағынан ең үлкен, ең ірі интернет-ақпарат құралы. Агенттік күн сайын жүзге жуық ақпаратты 5 тілде – қазақ, орыс, ағылшын, қытай, өзбек тілдерінде және төте жазу мен латын қарпінде жариялап келеді.

«Kazinform» халықаралық бірлестіктердің белсенді мүшесі ретінде шетелдік журналистер мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен «Belt and Road News Network» атты байқауда қазылар алқасына мүшелік етіп, Астраханда өткен Каспий елдері медиафорумы мен Ташкентте өткен Ортаазиялық сарапшылар форумына қатысты. Осылайша өзінің халықаралық ақпараттық нарықтағы белсенділігін арттыруды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ телерадиокешен өкілі елдегі оқиғалар әлемге ашық айтылып, өз түсінігінде жеткізілуі керегін баса айтты.

«Өйткені біздің елдегі ұстаным уақыт өткен сайын әлемдік қауымдастықтың қызығушылығын арттырып келеді. Жаңғыру мен жаңартуға қадам жасаған сайын қысқа күнде қырық құбылатын қазіргі әлемде медиа саласына деген талап пен тілек күшейіп келеді. Сондықтан біз осы талаптың үдесінен шыға отырып, Қазақстанның ғана емес, Ахмет Байтұрсынов айтқандай, бүкіл аймақтың көзі, құлағы һәм тіліне айналуды көздейміз. Біздің мақсат – Қазақстанның күн тәртібіндегі мәселелерді жаһандық деңгейде насихаттай отырып, әр ұлт пен елге қымбат, адамзатқа ортақ құндылықтарды дәріптеуден де арылмайтын арна болу. Біз әлемге жаңа Қазақстанды танытуды жоспарлап отырмыз. Ендеше осы жайлы барынша шынайы айтылған жөн деп санаймыз», - деді Тілеген Әбішев.

Айта кетейік, 20-21 желтоқсан күндері Астанада бірінші Орталық Азия медиафорумы өтеді. Форумда медиа мамандар мен танымал сарапшылар өңірдегі медианы дамытудың өзекті мәселелерін талқылап, Орталық Азияда ортақ медиа кеңістік құру идеясын сараптайды.