Әлемнің 190 елінде жаңа Windows 10 операциялық жүйесі іске қосылды
03:53, 29 Шілде 2015
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемнің 190 елінде Microsoft корпорациясының жаңа Windows 10 операциялық жүйесі (ОЖ) іске қосылды.
Лицензиялы Windows 7 және Windows 8/8.1. ОЖ пайдаланушылары жаңа нұсқаны тегін жаңалап жүктей (обновление) алады. Ал, 2016 жылдың тамызынан бастап ол ақылы болады.
Microsoft-тің болжамы бойынша, 3 жылдан кейін бір миллиардтан астам қолданушы осы нұсқаға көшетін болады.
Әзірше жаңа ОЖ компьютерлер мен планшеттерге ғана жүктеледі. Ал жыл соңына қарай ол басқа құрылғыларға да қолжетімді болады.
Бір айта кетерлігі, Windows 10 алдыңғы нұсқаларынан түбегейлі өзгеше. Мәселен, осыған дейін ОЖ құрамына Internet Explorer кірсе, бұдан былай оның орнына Microsoft Edge браузері қолданылады. Одан бөлек 10-ыншы нұсқа мобильді телефон, планшет, компьютер сынды түрлі құрылғыларға жүктеле беретін әмбебап қасиетке ие болады.