Әлемнің 30 мемлекетінің өкілдері Астанадағы кітап көрмесінде бас қосты

АСТАНА. ҚазАқпарат - ТМД, Еуропа және Азияның 30-дан астам мемлекеті өкілдері 9-12 қараша аралығында өтетін «Eurasian Book Fair - 2016» Еуразия халықаралық көрме-жәрмеңкесінің ашылуында бас қосты, деп хабарлайды ҚР МСМ баспасөз қызметі.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өткелі жатқан көрменің ұйымдастырушысы - «Фолиант» баспасы.

Еуразия кеңістігіндегі ең ірі мәдени-ағартушылық шара болып табылатын «Eurasian Book Fair - 2016» Еуразия халықаралық көрме-жәрмеңкесі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған.

Алғашқы Еуразия кітап жәрмеңкесі ірі көрме алаңында ТМД, Еуропа мен Азия мемлекеттерінің баспа, кітап саудасы, ғылыми-ағартушылық және полиграфия компаниялардың басын біріктірді. Оқырмандар мен сатып алушыларға жақын және алыс шет мемлекеттердің кітап шығару және полиграфия саласындағы жетекші баспа үйлерінің заманауи кітап өнімдерінің ассортименті және жаңа технологиялары ұсынылады. 

Көрме ашылуының құрметті қонақтары қатарында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, мемлекеттік органдардың басшылары, ҚР Парламенті Сенаты және Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық миссиялардың жетекшілері, Беларусь Республикасы ақпарат министрінің бірінші орынбасары И. Луцкий, Ресей еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Гильдия книжников» президенті, профессор Б. Есенькин және т.б. болды. ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова көрме-жәрмеңкенің ашылуында: «Биыл еліміз үшін тарихи белес - Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы.Бұл кезең Қазақстан тарихы үшін дәуірлік оқиғалармен өлшенетін  бейбітшілік пен келісімнің шежіресіне айналды. Ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық белесі аса жауапты тарихи міндетті орындау кезеңімен тұспа-тұс келіп отыр. Биылғы жылы жүзеге асырудың практикалық кезеңі басталған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған Бес институционалдық реформанының түпкілікті мақсаты - арман-мұраты ортақ, болашағы біртұтас Ұлт құру екенін атап өтуіміз керек. Президентіміздің сындарлы саясаты арқасында Қазақстан дүние жүзінің мемлекеттерімен экономикалық қана емес, мазмұны терең, тарихи, мәдени байланыстар орнатты. Осының дәлелі ретінде бүгінгі өткізіліп отырған І Еуразия халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі»,- деп атап өтті.

 «Қазақстан Республикасының Президенті айтып кеткендей, еуразияшылдық -мәдени және ұлттық біртектілік сақталғандағы әлеуметтік жаңғырту мен экономикалық даму болып табылады. Сондықтан алдағы уақытта болатын жәрмеңкенің кілт тақырыбы ретінде еуразияшылдық идеясы таңдап алынды»,-дейді «Eurasian Book Fair - 2016» Еуразия халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі дирекциясы директорының орынбасары Раушан Тұрлынова.

Көрме шеңберінде кең мәдени бағдарлама жүзеге асырылатын болады. Шара ұйымдастырушыларының ақпаратына қарағанда, көрме-жәрмеңке жұмыс істейтін күндердің әрқайсысының әр сағатында түрлі мәдени-сауық, ғылыми шаралар өткізіледі. Бұндай шаралардың қатарына ғылыми-тәжірибелік конференциялар, тұсаукесерлер, дөңгелек үстелдер, танымал мәдениет қайраткерлері, жазушылар мен ақындар, соның ішінде әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының иегерлерімен кездесу, форумдар, байқаулар мен викториналар кіреді.

Көрмеде іскерлік сұхбаттар да орын алады деп күтілуде. Іс-шара барысында ресми тұлғалар, баспа үйлерінің, кітап саудасы ұйымдарының басшылары, халықаралық сарапшылар, танымал жазушылар мен ақындар, баспа жобаларын қолдайтын ұйымдар мен қорлардың, кітапхана, білім беру және ғылыми қоғамдастықтардың өкілдері сала дамуының өзекті мәселелерін талқылап, мемлекеттік, қоғамдық және және кәсіпкерлік құрылымдардың рухани-өнегелі ағартушылық, білім және мәдениет саласында халықаралық мәдени, іскерлік байланыстарын жүзеге асыруға барлық жағдай жасалған.