Әлемнің бірнеше компаниялары қазақтың саятшы қызы Айшолпан туралы мультфильм түсірмек

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Сандэнс» кинофестивалінде режиссер Отто Беллдің бабалар дәстүрін жалғастыра отырып, бүркітшілік өнерді игеріп жүрген қазақ қызы Айшолпан Нұрғаева туралы «The Eagle Huntres» деректі фильм түсіргенін осыған дейін хабарлаған болатынбыз.

Отто Белл - Нью-Йоркте жұмыс жасайтын Ұлыбритания режиссері. Ол 15-ке тарта қысқа метражды фильмдер түсірді.

Енді әлемнің бірқатар компаниялары Н.Айшолпан туралы мультфильм жасауға ниет білдіріп отыр. Мультфильмде Н.Айшолпанның дауысын «Жұлдыздар соғысы» фильмі арқылы танымал болған актриса Дейзи Ридли келтірмек, деп жазады kaznews.mn.

Eaglenews-тің деректеріне сүйенсек, кейіпкердің дауысын келтіру үшін Дейзи Ридли көп кешікпей келісімшартқа отырады.

Айта кетейік, осыдан екі жыл бұрын ағылшынның Daily Mail басылымында «Алтын қыз: Қазақтың салт-дәстүріндегі асыл құндылықтардың бірі - құсбегілік өнерін игерген он үш жасар жалғыз қыз» деген тақырыппен мақала жарияланған болатын. Онда Моңғолияда тұратын Айшолпан (Ashol Pan) есімді 13 жастағы қыз әлемдегі ең жас құсбегі екендігі айтылған.

Айшолпан - Моңғолиядағы белгілі аңшы-қазақ Ағылайдың қызы, ол осы көне аңшылық дәстүрін меңгерген әлемдегі бірден-бір қыз болса керек.