ҚазАқпарат тілшісі шетелдік меймандардың Қазақстан туралы пікірін тыңдап көрді.
Осы жылдың алты айында e-Qonaq туристерді тіркеу жүйесіне 557 мың шетелдік тіркелген.
Былтыр осы кезеңде Қазақстанға басқа елдерден 144 мың турист келген.
«KazakhTourism» ҰК» АҚ туристер Қазақстанға жиі келетін 10 елдің тізімін атады: Ресейден – 218 мың адам, Өзбекстаннан – 142 мың, Қытайдан – 31 мың, Үндістаннан – 16 мың, Қырғызстаннан – 15,8 мың, Тәжікстан – 14 мың, Түркиядан – 12,5 мың, Германиядан –10 мың, АҚШ-тан – 8 мың, Оңтүстік Кореядан – 6 мың.
Сондай-ақ олардың Қазақстанның қай өңіріне көбірек келетіні белгілі болды. Мәселен, алғашқы ондыққа: Алматы – 199 мың турист, Астана– 105 мың, Атырау облысы – 32,6 мың, Алматы облысы – 29,5 мың, Маңғыстау облысы –25,6 мың, Ақтөбе облысы – 23,2 мың, Шымкент – 15,6 мың, Ақмола облысы кірді.
ҚазАқпарат тілшілері «Медеу» спорт кешені мен «Шымбұлақ» демалыс орнында болды. Дәл осы жерде жазда жұмыс күндері көптеген шетел азаматтарын кездестіруге болады.
«Дохадан Алматыға достарыммен бірге осы елдің тарихы мен мәдениетімен танысу үшін әдейі ұшып келдік. Топта алтаумыз, бес күн осында боламыз. Көктөбені аралап, қаланы жоғарыдан көрдік, бізге қатты ұнады. Қазақстандықтардың қонақжай, мейірімді екенін байқадық. Ұлттық тағамдардың дәмін татып көрдік, өте дәмді. Енді Шарын, Көлсай көлдері, Есік көлі сияқты ұлттық саябақтарға баруды жоспарлап отырымз», - деп өз әсерімен бөлісті Моника есімді турист.
Катардан келген қонақтармен бірге келген туризм менеджері Валентина Балкебаева Қазақстан неліктен олар үшін тартымды екеніне жауап берді.
«Қазақстан қазіргі уақытта Парсы шығанағы туристері арасында өте танымал. Оларда жазда өте ыстық болады. Сондықтан біздің тауларды көруге, таза ауамен демалуға, тағамдарымыздан дәм татуға, мәдениетімізбен танысуға келеді. Олардың басым бөлігі Алматыны таңдайды, өйткені мұндағы климат өте қолайлы. Қазір Қазақстанға Катар, Біріккен Араб Әмірліктері, Үндістан, Ресей және Еуропа елдерінен туристер көбірек келеді. Мұның бәрі жақсы жарнаманың арқасында», - деді ол.
Біріккен Араб Әмірліктері мен Филиппиннен келген шағын топты да кездестірдік.
«Бәріміз Дубайдан келдік. Қазақстанда алғаш рет көруіміз. Өте қызықты және әдемі ел. Көктөбе, Шымбұлақта болдық, басқа да көрікті жерлерді аралайтын боламыз. Бізге ауа райы ұнады», - деді Дубайдан келген Кевин.
Филиппиндік туристер Шымбұлақтың сұлулығына тәнті болды. Олар Кувейтте дәрігер, есепші, заңгер, инженер болып жұмыс істейтіндерін айтты.
«Біз саяхаттағанды жақсы көреміз. Біз әлемнің әртүрлі елдерінде болдық: Үндістан, Колумбия, Грузия, Әзербайжан, Еуропа елдері. Қазақстан өте тартымды мемлекет, бізге Алматы қаласы қатты ұнады. Біз тауларды, табиғатты жақсы көреміз, сондықтан Шымбұлаққа баруды жөн көрдік. Біз 3200 метр биіктікке көтерілдік, ол жақтағы көрініс шынымен таң қалдырады. Жалпы, қала өте қауіпсіз, таза, адамдары мейірімді. Оның үстіне мұндағы тағамдар өте дәмді. Біз бақыттымыз», - деп жауап берді туристер.
Тәжірбиелі экскурсия жетекшісі Светлана Алферова Қазақстанға әлемнің түкпір-түкпірінен туристер келетінін атап өтті.
Оның пайымдауынша, туристер ағынының қарқынды өсуі коронавирусқа қарсы карантиндік шаралар әлсірегеннен кейін байқалады.
«Шетелдіктердің легі, атап айтқанда, Алматыда байқалады. Мұнда туристер әлемнің түкпір-түкпірінен, ең алдымен Қытайдан, Кувейттен, Біріккен Араб Әмірліктерінен, Австралиядан, Жаңа Зеландиядан және Еуропа елдерінен келеді. Қонақтардың көпшілігі Қазақстанға алғаш рет келіп жатыр. Оларды қазақ халқының мәденитеті, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тарихы мен табиғаты қызықтырады. Шетелдіктер қазақ халқының қонақжайлығына тәнті», - дейді ол.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы елдегі туризмді дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Соның арқасында Қазақстанды өзге елдер көбірек біле бастады.
«Қазір туристік компаниялар да әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істеп, өз қызметтерін ұсынып, туристерді түрлі акциялар мен бағдарламалармен тарта бастады. Кейбіреулер авторлық турларды ұйымдастырады. Мысалы, мен де солай істеймін – туристерді тауға апарамын, ал әріптесім Ақтауға турлар жасайды. Яғни, нарықта жаңа өнімдер пайда болады, туристерді тарту үшін сізге жаңа чиптер ойлап табу керек. Сонымен бірге табиғатты бұрынғы қалпында сақтау өте маңызды»,- деп қосты ол.
Сарапшылардың пікірінше, шетелдіктерді баға мен визасыз режим қызықтырады. Қазір Қазақстан 26 мемлекетпен өзара визасыз режим енгізу туралы келіссөздер жүргізілуде. Олардың қатарында Австрия, Сауд Арабиясы, Сан-Марино, Бахрейн бар.