Әлемнің үздік шахматшылары Алматыда бас қосты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 25-30 желтоқсанда Алматы қаласында рапид және блиц шахматтан әлем чемпионаты өтеді. 50 мемлекеттен келетін шахматшылар чемпион атағына таласады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Турнир ФИДЕ аясында Балуан Шолақ спорт және мәдениет сарайында өтеді. Жүлде қоры - 1 млн доллар.

176 ойыншы ашық турнирлерге қатысады. Әйелдер турнирінде 98 шахматшы ойнайды деп жоспарланған.

Чемпионаттың жеңіске үміткерлері - қазіргі әлем чемпионы Магнус Карлсен (Норвегия, желтоқсандық тізімдегі рейтингі 2859, Хикара Накамура (АҚШ, 2768), Фабиана Каруана (АҚШ, 2766), Ян Непомнящий (FIDE, 2793), Аниш Гири (Нидерланд, 2764), Александр Грищук (ФИДЕ, 2745), Шахрияр Мамедьяров (Әзірбайжан, 2740), Ян-Кшиштоф Дуда (Польша, 2729), Юй Янъи́ (Қытай, 2728), қазіргі чемпион Максим Вашье-Лаграв (Франция, 2737 - Блиц), сонымен қатар басқа да атақты шахматшылар.

Әйелдер арасында Александра Горячкина (ФИДЕ, 2584), Катерина Лагно (ФИДЕ, 2563), Хампи Конеру (Үндістан, 2572), Тан Жонгуй (Қытай, 2518), Нана Дзагнидзе (Грузия, 2517), Харика Дронавали (Үндістан, 2507), Жансая Абдумалик (Казақстан, 2496), Сарасадат Хамедальшарьех (Иран, 2490), Антоанета Стефанова (Бұлғария, 2442), қазіргі чемпиондар Александра Костейнюк (ФИДЕ, 2520 - рапид) және Бибісара Асаубаева (Казахстан, 2440) сияқты даңқты спортшылар және де басқа да мықты шахматшылар қатысады.

Ашық чемпионатқа қатысу үшін рейтинг 2550 кем болмау керек, әйелдер арасында - 2250 кем емес.

Сонымен қатар қазіргі ұлттық чемпиондар рейтингтен тыс, ФИДЕ президенті тарапынан 10 номинант, ұйымдастырушылар тарапынан 15 номинант (ашық турнир) және 10 номинант (әйелдер турнирі үшін) қатыса алады.

Әлем чемпионаты туралы толық ақпаратпен біріншіліктің ресми сайтында танысуға болады.

Билеттерді мына сілтемеде сатып алуға болады.

Еске сала кетейік, біз бұған дейін шахмат королі Магнус Карлсеннің әлем чемпионатына қатысу үшін Алматыға келгенін жазған болатынбыз.