Әлемнің 1-ракеткасы Янник Синнер үш айға жарыстан шеттетілді

Фото: Фото: instagram.com/janniksin

АСТАНА. KAZINFORM — Әлемнің 1-ракеткасы, италиялық Янник Синнер допингті пайдалануына байланысты Бүкіләлемдік антидопинг агенттігімен (BADA) өзіне қатысты үш ай мерзімге турнирлерге қатысуға тыйым салу туралы бейбіт келісімге отырды. 

BADA ресми сайтынан алынған мәліметке қарағанда, Синнер бейбіт келісім шартына сәйкес шеттетілу мерзімін биылғы 9 ақпаннан бастап 4 мамыр күнгі сағат 23.59-ға дейін өтейтін болады. Дегенмен ол ресми жаттығуын 13 сәуірде бастай алады. 

Осылайша, Синнер Индиан-Уэллс, Майами, Монте-Карло және Мадрид мастерс жарыстарына қатыса алмайды. Ал келесі «Үлкен дулыға» турнирі – 19 мамырда басталатын Франция ашық чемпионатында бақ сынайды. 

Бұдан бұрын Спорттық арбитраж соты (CAS) Синнердің ісін қарап, Бүкіләлемдік антидопинг агенттігінің апелляциялық шағымына сәйкес түпкілікті шешімді 16-17 сәуірде қабылдайтыны хабарланған еді.

Италиялық спортшы өткен жылы да допинг дауына ілінген еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен әлемнің бірінші ракеткасы допинг дауына қалғанын жазған болатынбыз.