Әлемнің 1-ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирінің 24 дүркін чемпионы, сербиялық Новак Джокович Италияның Турин қаласында өткен биылғы жылдың қорытынды турнирінде 4,4 млн доллар көлемінде табыс тапты, деп хабарлайды Kazinform.
ATP Tour мәліметіне қарағанда, сербиялық теннисші биыл жалпы 16 млн доллар олжалады.
Спорттық жолында Н.Джокович тапқан табысын 180,6 млн долларға жеткізді. Бұл – рекордты көрсеткіш.
Туриндегі ATP қорытынды турнирінде Джокович финалда италиялық Янник Синнерді 6:3, 6:3 есебімен тізе бүктірді. Солай, аталмыш жарысты жеті рет ұтқан алғашқы теннисші атанды. Я.Синнер Туринде 2,6 млн доллар табыс тапты. Спорттық жолындағы табысы – 14,9 млн доллар.
Новак Джокович алдағы жылы спорттық жолын жалғастыратынын, «Үлкен дулыға» сынды ірі жарыстарда, сондай-ақ олимпиада ойындарында өнер көрсетуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бейбіт Жұқаев әлемдік рейтингіде жеке рекордын жаңартқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).