Әлемнің 47 елі азық-түлік тапшылығының зардабын тартып отыр

Фото: AlJazeera

АСТАНА. KAZINFORM - 2025 жылы аштық ресми түрде екі өңірде – Газа секторында және Суданда тіркелді. Мұндай жағдай ресми есеп жүргізіле бастағалы алғаш рет болып отыр AlJazeera.

Әлемнің 47 елінде шамамен 266 миллион адам өткір азық-түлік тапшылығына тап болған. Бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда екі есеге жуық жоғары.

Негізгі себеп – қарулы қақтығыстар мен зорлық-зомбылық. Олар 147 миллион адамның тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер еткен. Бұдан бөлек, климаттық өзгерістер мен экономикалық күйзелістер де жағдайды күрделендірген.

Балалардың жағдайы ерекше алаңдатады: 35,5 миллион бала тамақ тапшылығынан зардап шегіп отыр. Сонымен қатар 2025 жылы гуманитарлық көмекке бөлінетін қаржы көлемі азайған.

Осыған дейін Сомалиде миллиондаған адам аштықтың зардабын тартып отырғаны туралы жаздық.