Silk Way Star: Әлемнің 508 мыңнан астам көрермені дауыс берді

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Silk Way Star халықаралық вокалдық байқауының гранд-финалынан кейін баспасөз конференциясы өтті. Азияның 12 елін қамтыған мегажоба биыл елеулі халықаралық қызығушылыққа ие болды. 

Жиында ұйымдастырушылар келесі маусымға қатысуға ниет білдірген жаңа елдер туралы мәлімдеп, көрермендер дауыс беруі мен халықаралық қазылар алқасының қорытынды деректерін жариялады.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, дауыс беруге әлемнің түрлі елдерінен 508 287 адам қатысқан. Бұл — аймақтағы музыкалық жобалар арасындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Жеңімпаздар 50 пайыз көрермен дауысымен, 50 пайыз қазылар алқасының бағасымен анықталды.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

— Silk Way Star Азияның мәдени алуан түрлілігін тоғыстырған бірегей алаңға айналды. Жоба музыка арқылы елдер арасындағы өзара түсіністікті арттырып, диалог кеңістігін қалыптастырды. Жарты миллионнан астам дауыс халықаралық қызығушылықтың айқын белгісі, — деді Jibek Joly телеарнасының басқарушы директоры Еркежан Күнтуған.

Сондай-ақ ол көрермендер дауыс беруінің қорытындысын да жариялады.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

— Мишель Джозеф (Моңғолия) –112 241 дауыс, Мадинабону Адылова (Өзбекстан) –85 443, Чжан Хэ Сюань (Қытай) –73 662, Язмин Азиз (Малайзия) –73 609, Саро Геворгян (Армения) –73 160, Автандил Абесламидзе (Грузия) — 46 027, ALEM (Қазақстан) –32 145, –деп атап өтті Еркежан Күнтуған.

Гранд-финал жөніндегі жарияланымдар 25 елдің әлеуметтік желілерінде тарады. ТМД, Кавказ, Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия, Таяу Шығыс, Еуропа, Солтүстік және Оңтүстік Америка елдерінің қолданушылары байқау туралы жазбалар қалдырған.

Еуразиялық бюроның бас редакторы, CMG өкілі Ван Дэлу халықаралық жобаның өңірлік мәдени ынтымақтастыққа қосқан үлесін атап өтті. Оның айтуынша, қытайлық көрермендер байқаудың ұйымдастырылуын жоғары бағалаған.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

— Кеше Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың финалистерге арнайы құттықтау жолдағанын күтпеген едік. Бұл байқаудың маңызын және Қытай медиакорпорациясына көрсетілген сенімді білдіреді. Екінші маусым Қытайда өтеді, желтоқсанда ұйымдастыру мәселелерін қазақстандық әріптестерімізбен бірлесіп талқылаймыз, — деді ол.

CMG өкілінің сөзінше, Қытайда келесі маусымға дайындық басталып кетті. Жобаның жаңа маусымын қазақстандық тележүргізуші Диана Скатова жүргізеді.

Silk Way Star дәстүрлі форматтарға қарағанда өзгеше ұйымдастырылған. Келесі маусым әрдайым жеңімпаз елде емес, Қазақстан мен Қытайдың бірлескен келісімі аясында өткізіледі. Сондықтан алғашқы маусым Астанада басталып, келесі маусым Қытайда жалғасады.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Конкурсқа қатысуға ниет білдірген елдер қатары артып келеді. Индонезия, Үндістан, Пәкістан, Вьетнам, сондай-ақ бірнеше араб мемлекеттері жобаға қосылуға қызығушылық танытқан.

Сарапшылардың пікірінше, бүкіл құрлықты қамтитын балама жобалардың жоқтығы Silk Way Star аясын кеңейтуді қисынды етеді.

Конференция барысында, байқаудың жеңімпазы, моңғолиялық Мишель Джозеф қазақ тілінде ән дайындап жатқанын айтты.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

— Мен қазақ тілін өте жақсы көремін. Ол әдемі тіл, оны үйренгім келеді. Қазақстандағы тыңдармандарыма арнап арнайы жаңа ән шығаруды жоспарлап жүрмін, — деді ол.

Еске салсақ, «Silk Way Star» жобасын жүзеге асыру туралы келісім 2025 жылғы 16 маусымда Астанада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің қатысуымен қол қойылған еді.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Көрермендер дауысы әлемнің 43 елінен түскен. Ең белсенді елдер қатарында Қазақстан, Қытай, Моңғолия, АҚШ, Ресей, Түркия, Германия, Сингапур, Индонезия, Өзбекстан, Грузия және Малайзия бар. 

Финал Қазақстанда Jibek Joly арнасында тікелей эфирде көрсетілді. Қырғызстанда «Музыка» және «Маданият» арналары, Әзербайжанда Space TV, Тәжікстанда ТВ Сафина, Моңғолияда UBS және AIST GLOBAL арналарынан параллель эфир жүргізілді. Барлық телеарналар мен стримингтік сервистердің жинақталған аудиториясы 120 миллион көрерменге жетті.

Сонымен қатар «Silk Way Star» халықаралық жобасының гранд-финалы мәресіне жетіп, жобаның жеңімпазы Мишель Джозеф (Моңғолия) болды.