Министрдің айтуынша, Қазақстан халықаралық ресурстармен байланыс орнату бойынша белсенді жұмыс жүргізіп отыр. Мәселен, өткен жылдың тамыз айында біз Астанада Орталық Азия бойынша «Euronews»-тің өкілдігін ашу туралы келісімге қол қойдық.
− «Euronews» командасы біздің халықтардың өнері, мәдениеті мен өмір салты туралы «Модерн номадс» телешоуын, «Орталық Азиядан шыққан дауыстар» тақырыптық сериясын – өңірдің белгілі қайраткерлерімен сұхбаттарды, ірі өңірлік іс-шараларды қамтитын «Фокус» репортаждарының бірқатарын көрсетуге кірісті. Біз Орталық Азияның барлық елдерімен ортақ тарихи және мәдени мұрамызды, сауда-экономикалық және туристік әлеуетімізді көрсетуге бағытталған бірлескен медиажобаларды жасау бойынша халықаралық әріптестерді тарту жұмысын жүргізуге ниеттіміз, - деді А. Балаева Астанадағы II Орталық Азия медиафорумында.
Айта кетейік, 16-17 сәуір күндері Орталық Азия бойынша медиа саласының мамандары Астанадағы форумда бас қосады. Форумға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ұлыбритания, Қытай, Қатар, Ресей және басқа да елдерден 700-ден астам делегат қатысып жатыр.
Сонымен бірге Қазақстан мен Өзбекстан журналистері үшін баспасөз турлары өтеді.