Кәсіпкер бұл бастамалары туралы 22 қазанда Шымкентте өткен Қазақстанның IX жаһандық инвестициялық дөңгелек үстелінде (KGIR 2026) айтты.
Бұған дейін Шринивасан Coinbase криптовалюта биржасының техникалық директоры қызметін атқарып, Andreessen Horowitz венчурлік компаниясында бас серіктес болған. Қазір ол технологиялық білім беруді, кәсіпкерлікті және цифрлық экономикаға мамандар даярлауды ұштастыратын Network School халықаралық жобасын дамытып келеді.
Қазақстанда бұл бастама Astana Hub алаңында ұсынылған. Network School қатысушылары заманауи технологияларды меңгеріп, кәсіби дағдыларын жетілдіре алады және криптовалюта саласын қоса алғанда, қашықтан жұмыс істеуді үйренеді.
Кәсіпкердің негізгі мақсатының бірі — Қазақстанда халықаралық технологиялық қауымдастық құру. Ол үшін түрлі елдің мамандарын біріктіріп, жергілікті тұрғындарға IT саласынан жұмыс табуға көмектесуді жоспарлап отыр.
— Біз әлемнің түкпір-түкпірінен мамандар тарту арқылы Астананы халықаралық технологиялық орталық ретінде дамытуға атсалысуды жоспарлап отырмыз. Жергілікті тұрғындарға IT саласынан жұмыс табуға көмектесеміз. Біз бұл тәсілді „Емтихан тапсыр да, жұмысқа орналас“ деп атаймыз, — деді Баладжи Шринивасан.
Кәсіпкердің айтуынша, бұл модель мамандардың практикалық дағдыларын дамытуға негізделген. Соның арқасында олар қай жерде тұратынына қарамастан, технологиялық салада жұмыс істеуге мүмкіндік алады.
Network School Астанамен қатар Alatau City қаласын дамытуға да атсалысуды көздеп отыр. Технологиялық кәсіпкерлікке бағытталған жаңа қала үшін халықаралық мамандар қауымдастығын қалыптастыру маңызды бағыттардың бірі болмақ.
— Біз стартаптар қаласы саналатын Alatau City-ге жаңа тұрғындарды тартуға көмектесеміз. Ол үшін әлемнің түкпір-түкпірінен талантты мамандарды шақыруды жоспарлап отырмыз, — деді Network School негізін қалаушы.
Шринивасан өз бастамаларын Қазақстанның цифрлық дамуына байланысты ауқымды өзгерістердің бір бөлігі ретінде қарастырады. Оның айтуынша, халықаралық инвестициялық форумға қатысуына осы тақырыпқа деген қызығушылығы да себеп болған.
— Менің ойымша, бұл — Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыруға үлес қосып жүрген адамдармен танысуға жақсы мүмкіндік. Бұл тақырып маған да өте қызық. Біз әуелі технологиялық хабты, одан кейін криптоқаланы, ал болашақта цифрлық мемлекетті дамытуды жоспарлап отырмыз, — деді кәсіпкер.
Форум барысында Kazinform тілшісі Network School командасының Шымкенттегі IT мамандарымен ынтымақтастық орнату мүмкіндігін қарастырып отырған-отырмағанын сұрады. Баладжи Шринивасан бұл мегаполиске алғаш рет келген.
Кәсіпкер қазақстандық жастардың физика пәнінен халықаралық олимпиадалардағы жетістіктеріне де назар аударды. Оның пікірінше, әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті мамандар ірі технологиялық орталықтарда ғана емес, елдің басқа қалаларында да жұмыс істей алады.
— Мен Шымкентке алғаш рет келдім. Мұнда талантты адамдар көп деп ойлаймын. Жергілікті мамандарды, соның ішінде технология саласындағы кадрларды тартуымыз мүмкін. Мұнда әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті адамдар бар және біз оларды жұмысқа тарта аламыз, — деді Баладжи Шринивасан.
KGIR 2026 форумы аясында Баладжи Шринивасан Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және индустриялық жобаларын жүзеге асыруға қосқан үлесі үшін марапатталған инвесторлардың қатарына енді.
Еске салайық, бұған дейін Баладжи Шринивасан Қазақстанның әлемдегі жетекші технологиялық орталықтардың біріне айналуына барлық мүмкіндік бар екенін айтты. Оның сөзінше, Астана даму қарқыны жағынан Дубай мен Сингапурдың жетістігін қайталай алады.