Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов өзінің авторлық бағанында атап өткендей, FIDE World University Team Chess Championship 2026 тамыз айында Алматыда өтеді және ол жаһандық деңгейдегі студенттік шахматтың нағыз жаңаруына айналмақ.
— Бұл әлемдік шахматтағы кәсіби қауымдастықтың 2021 жылдан бері күткен «студенттік форматты» толыққанды қайта пайымдауы болмақ. Естеріңізге сала кетейін, сол жылы пандемия кезінде 1st World University Online Rapid Championship өткен болатын, бірақ ол толығымен онлайн форматта ұйымдастырылды. Енді бұл формат нағыз жаһандық ауқымда қайта жаңғырып, оның шешуші кезеңін өткізу бізге сеніп тапсырылды, — деп жазды ҚШФ президенті.
Оның айтуынша, мамыр айында Солтүстік және Оңтүстік Америка, Еуропа, Африка және Азия елдерінің жетекші жоғары оқу орындары бақ сынаған іріктеу кезеңдері өтті.
Нәтижесінде алғашқы 8 қатысушы анықталды: Сент-Луис университеті, Далластағы Техас университеті, Орал тау-кен университеті, Афины ұлттық техникалық университеті, Вебстер университеті, Чили университеті, Гунадарма университеті және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті.
ҚШФ президенті қалған 8 қатысушының тікелей wild card алатынын атап өтті.
Бүгінгі таңда олар: Кембридж университеті, Оксфорд университеті, Гарвард университеті, Пекин университеті және республикалық іріктеу арқылы жолдама алған Қазақ ұлттық спорт университеті. Тағы үш wild card иегерінің аты кейінірек жарияланады.
— Студенттік шахматты «ойынға» қайта қосуға және осы жаһандық үдерісті Қазақстанның белсенді рөлін айқындауға бұл таптырмас мүмкіндік екені қазірдің өзінде түсінікті, — дейді Тимур Турлов.
Еске сала кетейік, әлемнің 19 елінен келген оқушылар бақ сынаған Алматыдағы шахмат додасы өз мәресіне жеткен болатын.