Әлеуетті өнім берушілердің өтінімдерін қарау регламенттеледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әлеуетті өнім берушілердің өтінімдерін қарау регламенттелетін болады. Бұл туралы Сенат депутатарының сауалына Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға сәйкес әлеуетті өнім берушілерге жұмыс тәжірибесінің болуы жөнінде біліктілік талабы қойылады. Жұмыс тәжірибесінің болуы жөніндегі талап Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес белгіленеді. Сонымен қатар әлеуетті өнім берушілердің жұмыс тәжірибесінің болуы үшін конкурстық баға ұсыныстарына шартты жеңілдіктер қолданылады», - деді Үкімет басшысы жауабында.

Осы орайда, Премьер-Министр мемлекеттік сатып алу туралы заңнамада қайта ұйымдастыру нәтижесінде алынған әлеуетті өнім берушінің жұмыс тәжірибесін есепке алу мәселелері регламенттелмегендігін атап өтеді.

«Осыған байланысты қазіргі уақытта қайта ұйымдастыру нәтижесінде жұмыс тәжірибесін алған әлеуетті өнім берушілердің өтінімдерін қарауды регламенттеу мақсатында Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп, жоғарыда аталған Қағидаларға өнім берушілердің жұмыс тәжірибесін есептеуді реттеу жөнінде түзетулер әзірлеуде. Өз кезегінде осы мәселе бойынша тиісті ақпараттық түсініктеме Қағидаларға өзгерістер енгізілгеннен кейін мемлекеттік сатып алу порталында жарияланатын болады», - деді Әлихан Смайылов.