Әлеуметтік бастамалар 2,5 млн азаматтың жағдайын көтеруге ықпал етеді - ҚРКФ төрағасы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың соңғы жариялаған әлеуметтік бастамалары отбасы коэфицентіне шаққанда 2,5 миллионға жуық азаматтың отбасының тікелей әлеуметтік жағдайын көтеруге ықпал етеді. ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осыдан екі күн бұрын Елбасы әлеуметтік саладағы бірнеше бастамаларды жариялаған болатын. Бұл - бүгін ғана емес, бұрыннан бері келе жатқан мемлекеттің әлеуметтік саясаты. Өткен жылға көз жүгіртсек, былтыр наурыз айында Елбасы «Бес әлеуметтік бастама» аясында «7-20-25» бағдарламасын жариялап, одан кейін төменгі жалақы алатын бюджеттік қызметкерлердің жалақысын көтерді. Одан кейін өткен жылдың 2018 жылдың 5 қазанында Қазақстан халқына кезекті Жолдауында бірнеше әлеуметтік бастама көтеріп, соның аясында 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 50 пайызға көтеруге тапсырма берген еді. Сонымен, ең төменгі жалақыны көтерудің арқасында биыл 1 қаңтардан бастап, 800 мыңға жуық азаматтың жалақысы көтерілді», - дейді ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

Бақытжан Әбдірайым 1 қаңтардан бастап төмен жалақы алатын азаматтардың салық төлеу жүктемесі 10 есеге азайғанын атап өтті.

«Мен бұның бәрін айтып жатқан себебім, Елбасының кешегі тарихи ұсыныстары әлеуметтік саясаттың жалғасы деп қарастыруға болады. Біздің Конституцияда «Қазақстан өз-өзін әлеуметтік мемлекет ретінде жария етеді» деп жазғанбыз. Осы бастамалардың бәрі - сол Конституцияның нақты бейнесі деп айтуға болады».

ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы өз сөзінде білім және денсаулық, мәдениет және спорт саласындағы қызметкерлердің бюджет жалақысы 30 пайызға көтерілетінін еске салды.

«Бір сөзбен айтқанда, 800 мыңға жуық азаматтың жалақысы көтеріледі. Ал енді отбасы коэфицентіне шағатын болсақ, 2,5 миллионға жуық отбасының тікелей әлеуметтік жағдайын көтеруге ықпал етеді. Сол себептен, бұл шынын айту керек, бізде әсіресе, төмен жалақы алатын азаматтарға соңғы жылдары болмаған жеңілдік. 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы көтерілді. Ал енді 1 шілдеден бастап олардың жалақысы тағы да 30 пайызға көбейеді. Сонда 1 жылда кейбір мамандық бойынша айлық 50, 70, 100 пайызға дейін көтеріліп отыр», - дейді Бақытжан Әбдірайым.

Айта кетсек, елордада өткен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде Мемлекет басшысы халықты қолдауға арналған біршама әлеуметтік бастамалар іске асыруды тапсырған болатын.