еңбек жанжалдарының пайда болуының басты себептері - жұмысшылардың еңбек құқықтарының бұзылуы. Бұл туралы бүгін Астанада «Ұжымдық, еңбек даулары мен жанжалдар: олардың алдын алу мен реттеу» атты тақырыпта өтіп жатқан дөңгелек үстел отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов мәлім етті.
Оның пікірінше, бүгінде елімізде еңбек қатынастарын реттеуде біршама проблемалар бар. «Олардың қатарында әлеуметтік, еңбек қатынастарын әріптестік негізінде реттеу тетігінің жетілмегендігін атауға болады. Сонымен қатар еңбек өнімділігі мен оған төленетін жалақының арасындағы айырмашылық та осы мәселелердің қатарында»,-дейді вице-министр.
Ұжымдық келісімдерді жасау немесе оларға өзгеріс енгізу сияқты шаралардың талапқа сай орындалмауы жұмысшылар мен жұмыс берушілер арасында дау-жанжалдардың туындауына себеп болып жатады. «Кей жағдайда тараптардың арасында қандай да бір келісім немесе құжаттар мүлдем жоқ болып шығады. Мұндай оқиғалардың салдары кейде тіпті ұжымдық деңгейдегі үлкен жанжалға айналады»,-дейді министрдің орынбасары.