Әлеуметтік-еңбек саласында енгізіліп жатқан ақпараттық жүйелер сапалы әлеуметтік саясатты жүзеге асыру үшін қажетті құрал болып табылады-А. Қайырбекова

ТАНА. 25 шілде. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгінгі ақпараттық ғасырда әлемнің әр түкпірінде электронды қызмет түрлері кеңінен қолданып келеді

Елімізде алғаш рет 2007 жылы пайда болған қызметтің осынау сапалы түрі жыл сайын жаңғырып, жетіле түсуде. Ал 2011 жылы «электрондық үкіметтің» порталында жаңадан 15 қызмет түрлері іске қосылатын болса, электронды сандық қолтаңба алу үдерісі біршама жеңілдетілді. Бұдан басқа, кең көлемді PR-кампания мен Қазақстанның барлық аймақтарында «электрондық үкімет» жұмысы туралы оқыту-семинарларын ұйымдастыру жоспарлары да жүзеге асырылып келеді. Алда қазақстандық қоғамды көптеген жаңа сервистер мен жаңалықтар күтуде. Яғни, уақыт өткен сайын электронды қызмет қазіргіден де қолжетімді бола түспек. Соның арқасында бүгінгі таңда қазақстандықтар интернет құралдары арқылы өз үйінде отырып-ақ керекті құжаттарын рәсімдей алатын дәрежеге жетті. Ал алғаш рет электрондық қызмет Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты қамту министрлігінің Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығында салымшылардың зейнетақылық салымдарының есеп-шотқа түсуі туралы ақпаратты беруден басталған еді. Аталған қызмет күні бүгінге дейін порталдағы ең көп сұранысқа ие қызмет түрі болып саналады. Осыған байланысты әлеуметтік-еңбек саласында ұсынылатын мемлекеттік қызметтер туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Стретагиялық даму және жоспарлау департаментінің директоры Алиса Қайырбековамен әңгімелескен едік.

-Алиса Әбділқызы, электрондық қызмет түрлерін кеңейту бағытында қандай шаралар атқарып жатырсыздар?

- Біздің министрлік бұл бағытта белсенді жұмыстарын жалғастырып келеді және соның арқасында қалың бұқараға ұсынылатын электрондық қызметтердің саны да бүгінгі таңда артып отыр. Қазақстанның 2020 жылға дейінгі дамуының стратегиялық жоспарында «электрондық үкімет» және «электрондық әкімдік» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде әлеуметтік маңызы жоғары мемлекеттік қызметтердің 50 пайыздан астамын электронды түрге ауыстыруды қамтамасыз ету мақсаты жүктелген болатын. Осыған орай қазірдің өзінде «электрондық үкімет» веб-порталында 70-тен астам қызметке қолжетімділік қамтылып отыр. Ондай қызметтердің ішінде 12 электрондық қызметті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынуда. Мәселен, бүгінгі күні азаматтар интернет құралдары арқылы салымшының қаражат қозғалысының түсімі туралы, әлеуметтік жеке код иелену және оның төлнұсқасын алу туралы, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің тағайындалуы (немесе тағайындаудан бас тарту) туралы ақпараттарды және көптеген басқа да қызметтерді ала алады. Бұл аса ыңғайлы және азаматтардың уақытын айтарлықтай үнемдейтін игілікті шара деп білемін.

-Қандай электрондық қызмет кеңінен пайдаланылып жатыр?

- Қазіргі таңда белсенді жұртшылық тарапынан жеке әлеуметтік код беру туралы төлнұсқаны алу және салымшы қаражатының қозғалыс түсімдері туралы ақпараттар беру кеңінен пайдаланылып келеді. Бұл ретте электрондық қызметтер көрсету электрондық қызмет көрсету туралы мемлекеттік органдармен бекітілген ережеге және арнайы Заңға сәйкес жүзеге асыралатындығын атап өткім келеді.

- Бүгінгі күні көптеген интернет ресурстар азаматтарға соншалықты түсінікті болмай жатады. Яғни, бұнда оны пайдаланудың қарапайымдылығы аса қажет. Бұл жайында не айтар едіңіз?

- Жалпы «электрондық үкімет» порталын пайдаланудың соншалықты қиындығы жоқ. Қазіргі күні www.e-gov.kz порталындағы мемлекеттік қызметтер санаттарға бөлінген. Олардың қатарында мәселен «зейнетақылық қамтамасыз ету», «әлеуметтік көмек», «отбасылық қатынас» және басқалары да баршылық. Сол үшін кез келген азамат өзінің өмірлік жағдайына қарап қажетті топты таңдап алады, ал ары қарайғы қадамның бәрі де анық көрсетілген. Сонымен қатар белгілі бір мемлекеттік органмен атқарылатын барлық қызметті таңдауға немесе қазіргі таңда порталда қолжетімді қызметтерді таңдауға да болады.

Әрбір мемлекеттік қызмет үшін регламенттер, нұсқамалықтар бар. Олар туралы «электрондық үкіметтің» веб-порталында толық жазылған. Электронды мемлекеттік қызметтің регламенттері Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен бекітілгенін де еске салғым келеді. Регламенттердің мазмұнымен, сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан ұсынылатын электронды мемлекеттік қызметтерді пайдалану жөніндегі нұсқамамен біздің мемлекеттік органның ресми сайтынан (www.enbek.gov.kz.) танысуға болады.

Электрондық қызметтермен бірге, министрлікте ақпараттық қызметтер көрсету шарасы да кеңінен қолданылып келеді. Мәселен, ағымдағы жылдың қаңтар айынан бері қарай «Контакт-центр» Ақпараттық-анықтама орталығы өз жұмысын бастады. Осы арқылы азаматтар әлеуметтік мәселелер, жұмысқа орналастыруда көмектер көрсету жөнінде біршама ақпараттар алуларына мүмкіндік жасалып отыр. Осы тектес қызметтерді «Байланыс-орталықтан» алу үшін азаматтардың ыңғайына қарай төмендегі қызмет түрлері, атап айтқанда қалалық телефон байланысы, ұялы байланыс, СМС хабарлама көмегімен байланыс, электрондық пошта арқылы, ресми сайттар және WEB, WAP порталдар арқылы байланыс қамтылған.

Тегін қызмет ететін 1411 нөміріне қоңырау шалу арқылы азаматтар өздері қызығушылық білдіретін мәселелер бойынша кеңестер ала алады. Еліміздің барлық телефонынан және кез келген ұялы байланыс операторы арқылы бұған хабарласуға болады, қоңырау шалу тегін екенін тағы еске салғым келеді.

Ал қарастырылған басқаша түрлерді пайдаланып ақпараттық қызметті алғысы келетіндерге мынадай байланыс мәліметтерін ұсынғым келеді: Электрондық пошта: е-mail-info@info.mintrud.kz; Webпортал: www.info.mintrud.kz (интернет арқылы); Телефон байланысы қалалық және ұялы) 1411; Sms1411, вакансиялар бойынша *жұмыс* қала коды*мамандық# (мәселен: *жұмыс*7172*жүргізуші#); Wap-портал www.info.mintrud.kz (ұялы телефоннан).

- Ұсынылған қызметтердің сапасына қатысты жұмыстар туралы айтып берсеңіз.

-Жұртшылықты ұсынылатын сапалы мемлекеттік қызметпен қамтамасыз ету тікелей ақпараттық қолдау арқылы жүзеге асады. Осы ретте халықтың ақпараттануының маңызы зор әрі бұл ақпараттандыру қызметіне тікелей байланысты болмақ. Бұл ретте ел қолжетімділіктің кеңейгенін, мемлекеттік әлеуметтік қызметтер көрсетудің ашықтылығын, қағазбастылықтың азайғанын көре алады және осы арқылы бюрократизмнің алдын алуға, әлеуметтік төлемдерді тағайындау және төлеу үдерісінің жылдамдығын арттыруға, әлеуметтік саланың мониторингі және болжауларды жақсартуға, әлеуметтік тәуекелдерді басқару тиімділігін арттыруға және оңтайлантуға септігін тигізе алады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жүйесінде 2008 жылдан бері әртүрлі салалар бойынша ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамытуға және қолдануға бағытталған іс-шаралар кешені жүзеге асырылып келеді.

Дербестеу есебін ұйымдастыруда қағидатты жаңа технологиялар енгізілуде, мәліметтерді электронды түрде өңдеуді пайдалана отырып, базалық және қамсыздандыру төлемдері жүзеге асуда, салымшылар мен алушылардың, мүгедектердің орталықтандырылған мәліметтер базасы құрылды. Бұдан бөлек, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін тағайындаудың автоматтандырылған жүйесі пайдаланылып та жатыр, зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың электронды мұрағаты қалыптасуда. Осылардың барлығы зейнетақы жүйелеріндегі және әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіндегі үдерістердің ақпараттандырылу мәселесінің жеткілікті түрде жоғары деңгейде екенін растай түседі.

Еліміздің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге жәрдем беру аясында және жұртшылықтың өмір сапасын жақсарту мақсатында 2009 жылдан бері әлеуметтік-еңбек саласындағы бірегей ақпараттық жүйені құру басталды. Ағымдағы жылдың соңына қарай аяқталатын бірегей ақпараттық жүйе бірқатар автоматтандырылған ақпараттық жүйелерге интеграцияланатын болады. Бұлардың барлығы әлеуметтік-еңбек мәселелері аясындағы мәселелерді барынша қамтитын болады.

-Осы жүйені ендіру азаматтар үшін қандай жаңалық әкеледі?

- Кешенді жүйенің мақсаты мыналар: халықты әлеуметтік қорғау органдарының қызмет тиімділіктерін арттыру, басқарушылық шешімдер қабылдау, әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында бюджет қаражаттарын пайдалану; халыққа әлеуметтік қызметтер ұсынудың сапасын және тиімділігін арттыру, азаматтар мен ұйымдарға қызметтер көрсету барысындағы ақпараттық қызметтерді жақсарту.

Осы бағытта бүгінгі күні республикамыздың барлық өңірлерінде бірегей ақпараттық жүйенің бірқатар ақпараттық қызметі іске қосылған. Олардың барлығы нақты режимде жұмыс істеп, әлеуметтік-еңбек саласында есепке алу, мониторинг жасау және болжау секілді өзіне үйлесетін барлық жаңа қадамдарды жүзеге асырады. Атап айтқанда «Еңбек нарығы» Автоматтандырылған ақпараттық жүйесі, «Шетелдік жұмыс күші» ААЖ, «Е-собес» ААЖ, «Әлеуметтік көмек: АӘК, МҚК», «Еңбекті қорғау және қауіпсіздік» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі.Қайтадан құрылған бірегей жүйе жұртшылыққа мемлекеттік қызмет көрсету үдерісін халықаралық талаптарға барынша жақындатып, оларды жаңа деңгейге көтеруге септігін тигізетін болады деп есептеймін. Бұл шара осындай қызметтерді алудың жоғары қолжетімділігін қалыптастырып, шапшаңдықты арттырады.

Осыған байланысты «Электронды үкімет» порталы арқылы әлеуметтік төлемдерді электронды тағайындау жүйесін енгізу барысында Бірегей ақпараттық жүйенің технологиялық инфрақұрылымдарын пайдалану мәселелері де қарастырылуда. Азаматтарға әлеуметтік төлемдерді тағайындауды web-порталдар арқылы жүзеге асыруды қалыптастыру үлгісі де жоспарланып жатыр. Бұл ретте азаматтардан тағайындау қызметін ұсыну тетігін белсендіру үшін тек қана жеке идентификациялық кодын (ЖИК) көрсету ғана талап етіледі.

Ағымдағы жылы біздің министрлік Байланыс және ақпарат министрлігімен бірлесе отырып, сонымен қатар мүдделі мемлекеттік органдарды да қатыстыра отырып, электронды мемлекеттік қызмет санын (халыққа ұсынылатын) арттыру мақсатында қызметтерді ұсынудың қолданыстағы тетіктерін жетілдіру бойынша және ақпараттық технологияларды дамытуға сәйкес жұмыстарды белсендіре түсетін болады.

- Осы бағытта жақын перспективада қандай жұмыстар жоспарланған?

-Қазірдің өзінде алғашқы 40 әлеуметтік маңызы жоғары қызметтер тізімі анықталды. Олардың басым бөлігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің және біздің ақпараттық жүйеміздің қолдауымен жасалатын жергілікті атқарушы органдардың қызметтеріне қарасты болып табылады.

Мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, біз өзіміздің қолданыстағы жүйемізді одан сайын интеграциялау мақсатында жаңғырта түсуді ойлап отырмыз. Осындай шараның нәтижесінде мемлекеттік қызметті алу үшін жұртшылықтан талап етілетін құжаттар топтамасы да қысқаратын болады. Өйткені, жеке тұлға туралы қажетті мәліметтер (мәртебесі, жеке басын куәландыратын құжат мәліметтері, тұрғылықты жері және т.б.) тиісті мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері арқылы ұсынылатын болады. Сонымен бір мезгілде мемлекеттік қызмет көрсетулер саласындағы қолданыстағы бизнес-үдерістер барысын автоматтандыру үшін жаңа қадамдар әзірленуде. Мемлекеттік органдардың бірлескен жұмыс нәтижелері арқасында «Электрондық үкімет» порталы арқылы электронды форматта халыққа әлеуметтік талап етілетін мемлекеттік қызметтер ұсынудың жаңа кезеңіне сатылап өтуге қол жеткізіледі. Бұндай шаралар 2013 жылға қарай аяқталмақ.

Бүгінгі қоғам арасында мемлекеттік қызметтер бойынша енгізіліп жатқан ақпараттық жүйенің әсер ету маңызы ерекше. Бірегей автоматтандырылған ақпараттық жүйені енгізу барысында біздің жүйе қызметкерлері оның ақпараттық технологияларды дамыту және тарату бойынша басымдықтарын сезіне білді және бұлар тек қана мемлекеттік құрылым жұмыстарына ғана емес, әлеуметтік салаға да, ғылымға да, білімге де, мәдениет пен азаматтардың өмір сүру салтына да бірегей әсер етпек.

Жалпы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік қызметтердің ұсынылуын электронды форматқа ауыстыру жөніндегі кешенді шаралардың ондай қызметтерімізді алушылар тарапынан да қуатталып, мақұлданатынына сенімді. Өйткені осы бағыттағы кез-келген жұмыс қоғамның әрбір мүшесіне аса қатысты болып табылады. Ал әлеуметтік-еңбек саласында енгізіліп жатқан кешенді ақпараттық жүйелер сапалы әлеуметтік саясатты жүзеге асыру үшін қажетті құралдың бірі бола алады. Қазақстанның заманауи дамуы да осыны талап ететіні сөзсіз.

-Әңгімеңізге рақмет!