АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төтенше жағдай режимін ұзарту туралы шешімі мемлекет үшін азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігі бірінші кезектегі маңызда екендігін көрсетті. Осындай ойымен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Қазақстан Ұйғыр жастары одағының төрағасы Рустам Қайрыев бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекет бұл дертпен күресте қолдан келген шараларды атқарып жатыр. Бірақ, бұл жеткіліксіз. Көп нәрсе адамдардың сана-сезіміне де тікелей байланысты. Президенттің ТЖ режимін 11 мамырға дейін ұзарту туралы шешімі бірінші кезекте азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігі туралы алаңдаушылығын білдіреді. Бірқатар мәселе бізді қуантып жатыр. Балалармен алаңқайда ойнауға мүмкіндік жасалмақ, әуе рейстері ашылып, әлеуметтік көмек жалғасатын болады. Мұның барлығы көңілге қуаныш ұялатады», - деді Р.Қайрыев.
«Егер ахуал 11 мамырға дейін тұрақталатын болса, азаматтар шыдап карантин режимін сақтауы керек. Бұл, бірінші кезекте сіз бен біздің денсаулығымызға керек. Қауіпсіздігіміз бен денсаулығымыз қамтамасыз етілсе, 11 күн отыра тұру – түк емес. Біз ауырып жатқан дәрігерлерді, курсанттарды көріп жатырмыз. Олар жеке қорғаныс құралдарымен қамтылған, ақпараттардан хабардар. Бірақ, сонда да жұқтырып жатыр. Бұл, қарапайым халық үшін мүлде қауіпті деп ойлаймын», - деді ол.
Спикер жергілікті әкімшілік органдары көрсетіп жатқан әлеуметтік көмекті тілге тиек етті.
«Біз этномәдени бірлестік ретінде өзіміз де әлеуметтік қолдауға үлесімізді қостық. Сол кезде бақылағаным, қай отбасыға көмек алып барсақ та, олардың көпшілігі мемлекеттен де көмек алған болып шықты. Яғни, жергілікті атқару органдары Президент тапсырмасын орындап жатқанын білдіреді», - деді Рустам Кайрыев.
Еске сала кетсек, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін мәлімдеме жасап, төтенше жағдай режимі биылғы 11 мамырға дейін ұзартылатынын атап өтті. Сонымен қатар 1 мамырдан бастап елорда мен Алматы қалалары арасында әуе рейстері ашылатын болады.