Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетовтің айтуынша, әлеуметтік қызметтер порталын пайдаланушылар саны артып келеді.
«Биылғы жыл басынан бері әлеуметтік қызметтер порталына жүгінген мүгедектігі бар адамдардың қатары көбейіп отыр. Мәселен, 1 337 адам оңалтудың техникалық құралдарын, 170 адам ымдау тілінің, 1069 мың жеке көмекшінің қызметін алды. Бұл портал мүмкіндігі шектеулі жандарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушіні және өнім берушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады» -деп хабарлады Азамат Мәмбетов.
Оның мәліметіне сүйенсек, Атырау облысында барлық санаттағы мүгедектердің саны 24 320 адамды құрайды. Оның ішінде бірінші топтағы мүгедектер – 2 171, екінші топтағылар – 9 392, ал үшінші топ санатында мүмкіндігі шектеулі 8 664 адам бар. Сонымен қатар, бала жасынан мүгедектік тобына жататын 4 093 адам тіркелген.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын 3 мыңға жуық атыраулық мүгедек шипажайда тегін емделгенін хабарлаған болатынбыз.
Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен І топтағы мүгедектер мен ерекше балаларға, олардың жеке көмекшілеріне 14 күнге шипажайға жолдама берілген. Тегін жолдаманың бағасы 55 айлық есептік көрсеткіш көлемін құрайды.