Әлеуметтік қызметтің баршасы электронды түрде көрсетіледі - Апталық шолу

None
АСТАНА. 22 наурыз. ҚазАқпарат - Осы аптада Ұлы далаға Ұлыстың ұлық мейрамы әз Наурыз келіп, Жылан жылы табалдырығымыздан аттады. Қалың жұртшылық мерекеге орай бес күндік демалысқа шыққан болатын. Әйтсе де ресми демалыстан бөлек Наурызды қарсы алудың ежелден келе жатқан жөн-жоралғысына, салты-дәстүріне сәйкестендірілген шаралар осыдан бірнеше күн ілгері басталғаны белгілі.

Ал дәп Жаңа жылдың енетін күні - бұл күн мен түннің теңелген күніне дөп келіп, наурыздың 21-нен 22-сіне қараған түнге есептеледі. Сондықтан да, қазақтың жыл санауында Жылан жылы есігімізден енді ғана аттады десе де болады.

Осынау ұлық мейрам аясында Қазақстан Президенті Н. Назарбаев еліміздің бірінші ханымы - Сара Назарбаевамен бірге Алматыдағы «Астана» алаңында өткен мерекелік іс-шараларға қатысты. Салтанатты мереке барысында Елбасы Н. Назарбаев барша қазақстандықтарды Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамымен құттықтады. «Наурыз ықылым заманнан неше ғасырдан бері елдің жадында қалған, ел Тәуелсіздігімен бірге қайта оралған тамаша мереке болып саналады. Бүгінгі күнді біздің бабаларымыз Ұлыстың ұлы күні, алысты жақындатып, жақынмен қауыштыратын, болашаққа ұмтылатын кез деп санаған», - деді Қазақстан Президенті өз құттықтауында. Елбасы сөз арасында тәуелсіздіктің 21 жылдығында атқарылған шараларға тоқтала келе, экономикада да, халықтың әл-ауқатын арттыруда да ілгері дүниелер еңсерілгенін жеткізді. Президенттің айтуынша, Қазақстан жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көлемі бойынша 12,5 мың доллармен Оңтүстік Азия «жолбарыстарымен» және Еуропаның шығыс және оңтүстік-шығыс елдерімен теңесті және бұндай жетістікке бірлік пен тыныштықтың арқасында қол жеткізді. Елде орта білім мен денсаулық сақтау тегін. Ал өмір сүру ұзақтығы 64-тен 70 жасқа дейін ұлғайды, өткен жылдар ішінде 700 денсаулық сақтау мекемесі мен 900 мектеп салынды. Қазақстанда бұған дейін болмаған жаңа ұлттық мемлекет құрылды. Біз жаңа экономиканы құрдық, тоталитарлықтан жаңа либералдық жүйеге көштік. «Қазір бүкіл дүниеде дағдарыс. Жалақыны, зейнетақыны азайып, жұмыс орындары қысқарып жатыр. Алайда соған қарамастан біз соңғы 5 жылдағы дағдарыстың ішінде жаңа жұмыс орындарын құрдық, 700-ден астам мекеме салып, халыққа жұмыс тауып берудеміз. Осының барлығы елдің, қазақтың бірлігінің арқасы. Соның арқасында біздің қазақтың саны 4 млн.-ға өсті. Халықтың орташа ғұмыры 64-тен 70 жасқа дейін ұзарды. Мұның барлығы қуантарлық мәселе», - деді Н.Назарбаев. Елбасының айтуынша, алдымызда әлі де үлкен асулар бар. 2050 жылға дейінгі үлкен бағдарлама қабылданды. Дамыған 30 елдің қатарынан көріну ниетіміз бар. «Баршаларыңызды көктемнің жадыраған мерекесі, еліміздің салт-дәстүрі сақталған Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Мереке құтты болсын, ағайын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Әр жанұяға бақыт, жарық тілеймін!», - деді Президент. Жалпыхалықтық мейрам бүкіл республика өңірлерінде аталып өтуде. Ал Астанадағы ауа райының салқындығына қарамастан елордалықтар Наурыз мейрамын көтеріңкі көңіл-күймен атап өтті десе болады. Мәселен, «Қазақ елі» монументінің алдындағы алаңда өткен ауқымды шаралар барысында «Ұлыстың ұлы күні» атты театрландырылған қойылым өтті. 500 адам қатысқан қойылымнан Қыс пен Көктемнің кездесуін, табиғат-ананың жаңаруын көруге болды. Әртістер алаңға аппақ киім киіп шығып, оны біртіндеп жасыл киімге ауыстырды. Бұл қардың біртіндеп еріп, оның астынан өсіп шыққан жас өскіннің тіршілігін бейнелейді. Сондай-ақ көрермен назарына «Наурыз шеру» атты театрландырылған-этнографиялық этюд ұсынылды. Онда қазақ халқының салт-дәстүрлері көрсетілді.

Іс-шараны қалың жұртшылықпен бірге ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов, ҚР Президент Әкімшілігінің басшысы Кәрім Мәсімов, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин, ҰҚК Төрағасы Нұртай Әбіқаев және басқа да лауазымды тұлғалар тамашалады.

Жұртшылықтың компьютерлік сауаттылығы маңызды міндет болмақ

Осы аптадағы Үкіметтің отырысында «Электронды үкімет» пен халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс нәтижелері қаралды. Осыдан біраз жыл бұрын құрылған «Электронды үкіметтің» асқан асуы айтарлықтай. Дегенмен, алда атқарылар шаруа да қыруар. Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында аталған мәселе бойынша Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұма­ға­лиев ресми ақпараттарды паш еткен болатын. Оның айтуынша, бүгінде әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтердің 60 пайызы электронды жүйеге көшірілген. Биыл бұл көрсеткіш 100 пайызға дейін жеткізілетін болады. Демек, барлық әлеуметтік қызметтер тек электронды түрде ғана көрсетіледі. Тоқтала кететін жайт, «Электронды үкімет­тің» арқасында қазірдің өзінде заңды тұлғаларды тір­кеу мерзімі 30 күннен бір күнге дейін қысқарған. Сол сияқты же­ке кәсіпкерлерді тіркеу уақыты 5-30 күннен бір тәулікке азайды. Бұдан бөлек, былтырдан бастап барлық лицензиялар тек элек­трон­ды түрде ғана дайындалады.

Дегенмен, министрдің айтуынша, атқарылған шараларға қарамастан, халықтың басым бөлігі мем­ле­­кет­тің электронды қызметтерін қолдана алмай отыр. Басты себеп - компьтерлік сауаты бар қазақстандықтардың саны 51,7 пайызды ғана құрайды. «Біз «Электронды үкіметті» құру жұмысын аяқтайын деп жатырмыз. Ал халықтың компьютерлік сауаттылығы 51 пайызды құрап отыр. Сонда электронды қызметтерді енгізу және оны қолдану арасында үлкен айырмашылық бар болып тұр ғой?! Маған берген ақпаратқа сәйкес, министрлік 2020 жылға қарай қазақстан­дық­тардың компьютерді білу деңгейін 90 пайызға жеткізу­ді көздеп отыр», деді Үкімет басшысы Серік Ахметов.

Ал Көлік және коммуникация министрі А. Жұмағалиев компьютер­лік сауаттылықты арттыру жағынан нақты жоспарлар қолға алынатынын алға тартады. «Әрине, бұл жұмыс­ты қысқа уақыттың ішінде жасауға ұмтыла­мыз. Қазірдің өзінде «Электронды үкімет­тің» қызметтерін кеңінен қолданып жатыр. Биыл электронды қызметтерді 12 миллион рет ұсынамыз деген жоспар бар. Оның өзі - үлкен көрсеткіш», деді министр А.Жұ­мағалиев. Сонымен қатар, министр бүгінгі жастардың мобильді ғаламторды кеңінен қолданып жүргеніне де назар аударды. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда қызметтің осы түрін 10 млн қазақстандық азамат қолданады. Осыған байланысты Көлік және коммуникациялар министрлігі «Электронды үкіметтің» «ұялы» жүйесін әзірлеп шықпақшы. «Біз электронды нұсқадағы барлық мемлекеттік қызметтерді мобильді қосымшаға ауыстырмақшымыз. Соның арқасында «Электронды үкіметтің» халықтың арасындағы кеңінен қолданылуын қамтамасыз етуге әбден болады», - дейді А.Жұмағалиев.

Бұдан бөлек, жиын барысында халықтың компьютерлік сауаттылығын арт­тыруға жауапты саналатын Білім және ғылым ми­нистрі Бақытжан Жұмағұлов та есеп берген болатын. Оның айтуынша, бү­гінде «e-learning» атты электронды оқыту жобасы 581 мекемені қамтиды. Білім бе­рудің мемлекеттік бағдарламасына сәй­кес, 2015 жылға қарай оған барлық білім беру мекемелерінің 50 пайызы қосылуы тиіс. Ал 2020 жылға дейін бұл көрсеткіш 90 пайызға дейін жетуі керек. «Қазіргі кез­де әлем бойынша электронды оқыту жү­йе­сінің даму қарқыны қатты. Осыған бай­ланысты «e-learning» жобасын 2020 жыл­ға дейін емес, 2016 жылға қарай тездетіп енгізу керек. Біз аталған жүйені жедел түр­де іске асырудың нақты есебін жасап шық­тық. Осының арқасында оқытудың элек­трон­ды жүйесін қысқа мерзімнің ішінде аяқтауға болады», - дейді Б.Жұмағұлов.

Денсаулық сақтау саласында жан басына шағып қаржыландыру келер жылдан бастап белсене түседі

Сонымен қатар, Үкімет отырысында «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының орын­далу жайы да талқыға түсті. Денсаулық сақтау министрі Сали­дат Қайырбекова баяндама барысында бағдарламаның барысына ғана емес, 2013 жылға арналған басым ба­ғыт­тар мен міндеттерге кеңінен тоқталды. Атап айтқанда оның бастысы - ана мен бала өлі­мін, қан айналымы жүйесі ауру­ларынан, онкологиялық ауру­лар­дан, жарақаттардан, туберкулезден өлімді төмендету, кө­ліктік медицинаны дамыту жө­ніндегі іс-шараларды іске асыру жалғастырылатын болады. Екіншіден - МСАК әлеуметтік бағдарлан­ған үлгісі одан әрі дамытылады. Үшінші - дәрілік қамтамасыз ету жүйесі жетілдіріліп, соның ішінде амбулаториялық деңгейде формулярлық жүйе енгізіледі. Төртінші міндет - жалпы денсаулық сақтау жүйесіне инновациялық жобаларды және медициналық көмектің озық технологияларының трансфертін енгізу жалғастырылады. Бесін­ші­ - халықаралық нормаларға сәйкес медициналық көмек көр­сетудің стандарттары же­тіл­діріледі. Алтыншы - мем­лекеттік секторға менед­ж-мент­тің қазіргі заманғы құ­рал­дары, бірлесіп басқару қағи­даттары белсенді енгізіліп, мемлекет-жеке меншік әріптестігі, ресурс үнемдеудің тиімді меха­низм­дері дамытылатын болады. Жетіншіден, денсаулық сақтау мамандарының құрылымы және даярлау мазмұны жетілдірілетін болады. Сегізінші - «Ақпараттық Қазақстан-2020» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде Денсаулық сақтау саласының бірыңғай ақпараттық жүйесі одан әрі дамытылады.

«Жалпы алғанда, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қабылданған «Саламатты Қазақстан» бағ­дарламасы шеңберінде айтар­лық­тай ауқымды, мақсатқа ба­ғыт­талған жұмыс жүргізілуде. Әрине, ерекше көңіл бөлуді талап ететін мәселелер де баршылық. Біз талқылау жүргізіп, 2014 жылдан бас­тап республикалық бюджет деңгейінде амбулаториялық-емханалық көмекке шығындарды шоғырландыру жөнінде шешім қабылдадық, басқаша айтқанда, жан басына қаржыландыру жүзеге асырылады», деп атап өтті Үкімет басшысы С. Ахметов. Оның айтуныша, жан басына қаржыландыруға байланыс­ты қаражат бөлу түзетуге ұшырайды. Бұған мүмкіндік бар. Дегенмен, Денсаулық сақтау министрлігі әкімдермен бірлесіп оны жүзеге асыру үшін барлық шараларды қолдануы қажет.

Үкімет басшысы, сонымен қатар, «Фармация» СҚ қызметіне баса назар аударып, маңызды құрылымды одан әрі дамыту бойынша тиісті жұмыстар жүргізу қажеттігін де сөз етті.