«Алаш айнасы» газеті бүгінгі санында кеше өткен Парламент Мәжілісінің жалпы отырысындағы депутаттық сауалдарда қозғалған өзекті мәселелерге баса назар аударған. Мәселен, депутат Алдан Смайыл бүгінгі мектептегі жастардың тәліміне түңіле қарайтынын айтқан. Бұндағы басты мәселе - мектептегі пәнге һәм соның оқулығына қатысты болып отыр. Мәжілісменнің мазасын алған бұл пән - валеология деп аталады екен. Мәннен жұрдай пәннің байыбына бармас бұрын депутат бірқатар цифрларды аударып, соған жұрттың назарын аударды. «Медицина қызметкерлері 15-19 жастағы жеткіншектердің арасында жүкті болу көрсеткіштерінің өсіп бара жатқанына алаңдаулы. Дерек бойынша елімізде жыл сайын 15-19 жастағы 10 мыңға тарта қыз баланың аяғы ауыр болады екен. 2008 жылы осы жастағы әрбір қыз баланың 31-і перзент көрген. Түсік жасатқан 6 мың әйелдің 84-і - 15 жасқа дейінгілер. Бұлардың жартысы осындай қадамға екінші рет барған», дейді депутат. Оның пікірінше, жағдайдың осылайша қалыптасуына себеп болған мәселелердің бірі - мектеп бағдарламасына 2002 жылы енгізілген валеология пәні. Мәжіліс отырысында көтерілген осы және қоғамдағы басқа да өзекті мәселе жөнінде білгіңіз келсе, «Алаш айнасының» бүгінгі санында «Қазақ қашан ғарышқа ұшады», атты мақалаға зер салыңыз.
Сондай-ақ «Алаш айнасында» «Әлеуметтік мәні бар сала ұмыт қала бере ме?» деген тақырыппен мақала басылды. Мақала авторының мәліметінше, Қазақстанның 33 азаматына елімізде өндірілген тек бір киімнен ғана келеді екен. Бұл мемлекетіміздің жеңіл өнеркәсіп саласында импорттық тауарларға толықтай дерлік тәуелділікке түскендігін көрсететінін айтқан автор:и «Аталған мәселе жөнінде халық арасында бір-біріне кереғар екі көзқарас бар. Біріншілері еліміздің жеңіл өнеркәсіптегі өнімдерінің бағасы жөнінен Қытай, Үндістан секілді дамушы Азия елдерімен, сапасы жөнінен Түркия және бірқатар Еуропа елдерімен бәсекеге келе алмайтындықтан, мемлекеттің басқа салаларды дамытуға ден қоюы керектігін айтады. Ал екінші отандық жеңіл өнеркәсіп өнімдерімен ішкі нарық кем дегенде 30 пайызға қамтамасыз етілмесе, елдің экономикалық қауіпсіздігіне нұқсан келетіндігін дәйек етеді»,- дейді.
***
«Айқын» басылымының бүгін шыққан апталық санында «ЕҚЫҰ еуразиялық ұйымға айнала ма?» деген материал жарық көрді. Онда
әртүрлі салаларды қызмет жасайтын мамандарының пікірлері топтастырылған. «ЕҚЫҰ институттарының офистері ертерек, 10-20 жыл бұрын, олардың қызметтеріне сол кезде зәру еуропалық мемлекеттерде құрылған болатын. Қазіргі таңда ұйымның назар салатын географиялық, аймақтық бағыты өзгеруде. Сондықтан осы ұйымның сәйкес құрылымдары біздің еуразиялық аймақтағы елдерде, әсіресе, адам құқығы бұзылатын мемлекеттерде орналасқаны дұрыс болар еді. Мәселен, Бішкекте ЕҚЫҰ-ның Адам құқығы мен демократиялық институттар жөніндегі бюросын орналастыру қисынды. Кавказдағы жағдай да тұрақты емес екендігі мәлім. Олай болса, мәселені жедел шешіп отыру үшін ЕҚЫҰ-ның біздің аймақта институттарының болғаны жөн. Бұл ұйымды еуразияландыра түсер еді. Жалпы, ЕҚЫҰ қазір көбірек, кеңірек аймақты қамтиды. Сондықтан, оны Еуразиядағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы деп атаған дұрысырақ болар еді», - дейді ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының бірінші орынбасары Лейлә Мұзапарова. Мақалада өзге де мамандардың пікірлері берілген.
Сондай-ақ аталмыш басылымның жазуынша, АҚШ ғалымдары 2012 жылы Күн белсенділігі артып, электронды толқын Жердегі электр қуатын жойып жібереді деген болжамдарын алға тартады. «Бәлкім, ақырзаман деп жүргеніміз осы болар. Ата-бабамыздың шаммен де күн көргенін ескерсек, мұны ақырзаман деуге келе қояр ма екен?
Әйгілі физик Исаак Ньютонның 2012 жылы дәуір алмасуы болады деген болжамы бар еңбегі Израильдің ұлттық кітапханасындағы құпия сейфте сақтаулы тұр деседі. Шумерліктер қалдырған дерек бойынша, Юпитер мен Марстың аралығында Нибиру деп аталатын тағы бір планета бар. Ол планета біздің Күн жүйесінде әрбір 3600 жылдан кейін көрініп отырады. Осы Нибиру планетасы Жерге жақындағанда ұлы өзгерістер пайда болып отырған. Ғалымдар 1972 жылдан бастап белгісіз жаңа планетаның бой көрсете бастағанын айтады».- делінген мақалада. Әлемдегі әйгілі көріпкелдердің болжамдарына қатысты деректерді «Айқынның» бүгін шыққан апталық нөміріндегі «2010-үшінші дүниежүзілік соғыс, 2012-ақырзаман» атты мақаладан білуге болады.
***
«Казахстанская правда» басылымының бүгінгі нөмірінде «Успех Казахстана очевиден» атты мақалада жарияланды. Мақаладағы мәліметтерге қарағанда, Қазақстан елдегі бизнес-климатты жақсарту жағынан әлемдік лидерлердің қатарында. Бұны кеше Астанда «Бизнесті жүргізу - 2011» есебіне байланысты өткен конференция барысында Дүниежүзілік банктің өкілдері айтқан. «Аталмыш есепте өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан бизнесті жүргізуді жақсарту реформалары бойынша бірінші орынды алған. Нәтижесінде еліміз 183 елдің арасында 59-орыннан 15 орынға шыққан», делінген мақалада.