Әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтің 60 пайызы электрондық нұсқаға көшеді

АСТАНА. 29 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары  «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік маңызды мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру және автоматтандыру мәселелері бойынша өзгертулер мен түзетулер енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасы Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауында жүктелген міндеттерді атқаруға бағытталған. Бұл ретте Елбасы 2012 жылдың соңына дейін әлеуметтік маңызды  мемлекеттік қызметтердің 60 пайызын электрондық нұсқаға көшіру туралы берген тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында әзірленді.  Елбасының тапсырмасын іске асыру барысында мемлекеттік қызметтерді ұсынудың бизнес-үдерістерін оңтайландыру және автоматтандыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде, мемлекеттік қызметтерді ұсынуда  халықтан талап етілетін құжаттар саны мен қызмет көрсету уақыты қысқартылады.

Сенат қарауына ұсынылған заң жобасы әлеуметтік маңызды мемлекеттік қызметтерді электрондық нұсқаға көшіру үдерісін нормативтік-құқықтық тұрғыда қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен бірге, қызмет көрсету мерзімін қысқарту, қызметтерді алу үшін талап етілетін құжаттардың тізімі мен санын азайту мүмкіндіктерін және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің ведомствоаралық әрекеттесуін бекіту мүмкіндігін қарастырады.

Мысалы, жеке кәсіпкерлікті тіркеу қызметін электрондық нұсқаға көшіргеннен кейін, азаматтар электрондық портал арқылы бір үлгіні толтырып, бір күннің ішінде өз кәсібін тіркей алады.  Бұрын бұл қызметті алу үшін 5 түрлі құжат жинап, оның нәтижесін 3 күн күту қажет еді.

Жылжымайтын мүлікке құқықты тіркеу қызметін жаңа нұсқаға көшірген соң, азаматтар бұл қызметті ХҚКО-на бармай-ақ, жылжымайтын мүлікті сатып алу туралы шарт жасасқан бойда, нотариустың кабинетінде отырып беруге мүмкіндік береді.

Ағымдағы жылдың соңына дейін Қазақстан Республикасының азаматтары төлқұжат пен жеке куәлікті алу, азаматтардың кейбір санатына әлеуметтік көмек тағайындау туралы өтініштерді беру және өзге де қызметтер автоматтандырылатын болады.

Бірінші оқылымда мақұлданған заң жобасы екінші оқылымға әзірлеуге тапсырылады.