Әлеуметтік мәселелерді әлеуеті жеткен шешеді - Қызылорда
Бұлардың арасында өз еркімен қызметінен кеткен Марат Дәдікбайдың орнына облыстық ішкі саясат басқармасына бастық болып Руслан Рүстемовтің тағайындалғаны айтылды. Ол босатқан Шиелі ауданы әкімі орынбасары қызметіне облыстық әкімдік аппаратынан Бекжан Есенбаев барды. Сол сияқты «АрнаМедиа» Ұлттық ақпараттық холдингінде қызмет еткен Бағдат Келебай облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасарлығына бекітілді.
Мәжілістің негізгі мәселелері қаралар алдында облыс прокуроры Бейбітбек Есенбеков пен облыстық ішкі істер басқармасының бастығы Әлімхан Әбжанов Елбасының құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі Жарлығына байланысты атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабарлама жасады.
Алқада ҚР Президентінің Байқоңыр кешеніндегі арнаулы өкілі, облыс әкімінің орынбасары Сәбит Қожаметов күн тәртібіне қойылып отырған бірінші мәселе бойынша сөз алып, облыстық басқармалар мен департаменттердің Байқоңыр қаласы әкімшілігі мен Қызылорда облысы әкімдігі арасындағы экономика, ғылым, мәдениет және әлеуметтік салалар бойынша өзара қарым-қатынасы жайлы келісімді жүзеге асырудағы, сондай-ақ ғарыш айлағында тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының түйткіл мәселелерін шешудегі міндеттері туралы баяндап берді. Бүгінгі таңда Байқоңыр қаласында тұратын 68 770 тұрғынның 58 пайызы, яғни 39 918-і Қазақстан азаматтары болып табылады. Аталмыш қаламен іргелес жатқан Төретам кентінде 10 566, Ақай ауылдық округінде 4 064 қазақстандық азамат тұрады. Байқоңыр қаласында 6 жасқа дейінгі балалар саны 6 926 болса, олардың 4 342-сі қазақстандық балдырғандар болып отыр. Міне, осы бүлдіршіндердің 2488-і балалар бақшасына бармайды. Себебі, балабақшалар жетіспейді.
Осы жерде облыс әкімі бұл қалада салынып жатқан перзентхана, балабақша, 1200 орындық мектеп үйі нысандарын Байқоңыр қаласының коммуналдық меншігіне өткізу бағытында тиісті жұмыстар жүргізілуі керек екенін айтты. Бұл үшін олар алдымен облыстық коммуналдық меншігіне алынуы тиіс. Содан кейін республикалық меншікке өте алады. Бұл ақыр соңында олардың Байқоңыр қаласы коммуналдық меншігіне өтуін тездетеді.
Мәжілісте Қызылорда қаласының әкімі Мархабат Жайымбетов Қызылорда қаласының индустриялық-инновациялық ахуалы туралы баяндама жасады. Ол өз сөзінде үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде облыс орталығында жалпы құны 51,2 млрд. теңге тұратын 15 жоба жүзеге сарылуы тиіс болса, қазірге дейін солардың 3-і пайдалануға берілгенін тілге тиек етті. Ал алдағы уақыттарда «Ырыс-НГ» ЖШС қарауындағы темір-бетон бұйымдары зауыты, «Қызылорда-Газ» ЖШС еншісіндегі модульдік типтегі газ толтыру бекеті, «Рай-КЗЛ-ДТ» ЖШС иелігіндегі қағаз бен пакет шығаратын цех тәрізді нысандар қатарға қосылады. Бқдан бөлек, «Сабыр и К» ЖШС макарон мен өсімдік майын шығаратын кәсіпорын салып жатыр.
Облыс басшысы осы жерде жақында пайдалануға берілген «Шапағат-Сүт» ЖШС нан зауытының әлі толық жобалық қуатына жете алмай отырғанын сынға алды.Оның қуаты 30 тонна нан жабу болса, қазір соның бар болғаны 4 тоннасын ғана дайындай алып отыр. Әкім сонымен бірге нан өнімдерін шығаратын жасырын кәсіпорындардың әлі де көп екеніне алаңдаушылық білдірді. Оған тиісті бақылау жасауды ұйымдастыра алмай отырған өзінің орынбасарына тиісті тапсырма берді.
Мәжілісте өңірдегі жастар саясатының жүзеге асуы туралы облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Руслан Рүстемовтің есебі де тыңдалды. Ол Біріккен Ұлттар Ұйымының биылғы жылғы 12 тамыз бен 2011 жылғы 12 тамыз аралығында «Халықаралық жастар жылы» жарияланғанын айта келіп, Астанада өткен жастар форумында елімізде келесі жылы «Жастар жылын» өткізу жайлы үндеу қабылданғанын мәлімдеді. Облыста бүгінде 52 жастар қоғамдық бірлестігі, 26 жастар ұйымы бар. Бұған қоса 78 аула клубы құрылып, балалар мен жасөспірімдердің бос уақыттарын тиімді өткізулеріне ықпал жасап келеді. Өткен жылы облыс әкімі, «Жастар бастамаларын қолдау орталығы» және «Игілік» корпоративтік қоры арасында бірлескен іс-қимыл мен әріптестік туралы меморандумға қол қойылып, облыс жастарына арналған маңызды жобаларды қаржыландыруға 517 млн. теңге қаржы жаратылған. Сонымен қатар тұрмысы төмен отбасыларынан шыққан студенттер мен оқушылардың қоғамдық көліктерде жеңілдікпен жүрулері үшін облыстық бюджеттен 64,4 млн. теңге қарастырылған.
Облыс әкімі жастар арасында жүріп жатқан жұмыстарға жақсы баға бере келіп,алдағы уақыттарда айрықша назар аударылуға тиіс бағыттарды санамалап өтті. Ол жиынды қорытындылағанда әлеуметтік мәселелерді шешудің ұдайы бақылауда болатынын жеткізе отырып, оны әлеуеті жеткендердің әдемі шеше білетінін білдірді.
Облыс әкімдігінің алқасы осы қаралған мәселер бойынша қаулы қабылдайтын болады.