Әлеуметтік нысандар енді бюджеттік жоспарлаудың оңайлатылған үлгісі бойынша салынады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бюджеттік жоспарлаудың жаңа оңайлатылған моделі бойынша әлеуметтік маңызы бар объектілер салынатын болады.

Аталмыш мәселе «Ашық сағат алаңы» жобасы аясында ҚР ИИДМ Құрылыс істері және ТКШ комитетінде бизнес қауымдастық, қоғамдастық, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің қатысуымен онлайн форматта кездесуде талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Индустрия жәнеинфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында жиынға қатысушылар Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Астана қаласында әлеуметтік нысандар құрылысының пилоттық жобаларын іске асыру мәселелерін талқылаған.

Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бас сарапшысы Серік Нәбиевтің айтуынша, Мемлекет басшысы жүктеген негізгі тапсырмалардың бірі бюджеттік жоспарлаудың жаңа оңайлатылған моделі бойынша 3 өңірде 7 әлеуметтік маңызы бар нысан салу болып табылады.

Атап айтқанда, объектілерді қаржыландыру мен жобалауға байланысты көрсеткіштер қысқарады.

«Құрылыстың пилоттық жобаларын іске асыру мақсатында жаңа нормативтік құқықтық акті қабылданып, бірқатарына өзгерістер енгізілді. Қабылданған инновациялар рәсімдердің мерзімі мен санын 60%-ға дейін, ал құрылыс құнын 10%-ға дейін қысқартуға (авторлық қадағалауға жұмсалатын шығындар алынып тасталды) әрі мердігерлік жауапкершілікті арттыруға мүмкіндік берді», - деп атап өтті С.Нәбиев.

Бұдан басқа, жаңа тетік сараптамалық сүйемелдеу режимінде құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ баламалы жобалық шешімдер енгізуге мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда Астана қаласының, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының әкімдіктері пилоттық жобаларды іске асыруды бастады.

«Аталған өңірлерде конкурстық рәсімдер аяқталды, мердігерлер анықталып, жобалау басталды»,-делінген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.