Әлеуметтік нысандарға ақшаны қысқартқан Үкімет 60 млрд. теңгені игере алмағаны қалай? - Қ. Сұлтанов

None
АСТАНА. Маусымның 17-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Әлеуметтік нысандарға ақшаны қысқартқан Үкімет 60 млрд. теңгені игере алмағаны қалай? Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында ҚР Үкіметінің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің 2009 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін талқылау барысында сенатор Қуаныш Сұлтанов осылай мәлім етті.

Үкімет өкілдеріне қаратып айтқан сауалында сенатор Қуаныш Сұлтанов дағдарыстан бұрын Мемлекет басшысы жария еткен «100 мектеп -100 аурухана» бағдарламасын тиянақты орындау тағдырына алаңдаушылық білдірді. «Бұл бағдарламаның толық орындалып жатқанына байланысты баяндамалар жер-жерде жарыса айтылады. Бірақ, нақты іске келгенде оған толық көз жетпейді. Мен өзім осы бағдарлама аясындағы бір мектепті біршама жылдан бері бақылап отырмын. Қытай шекарасындағы Жаркент қаласында Ы. Алтынсарин атындағы мектепке қатысты құрылыс былтыр басталып, нысанды аяқтауға жұмсалатын қаражатты бюджеттік комиссия кесіп тастады. Сонда осы Елбасы бағдарламасы аясындағы әлеуметтік құрылысқа ақша қысқарады да, Үкімет 60 млрд. қаржыны игере алмай қалады. Бұны қалай түсінуге болады?!», деді Қ. Сұлтанов.

Сонымен бірге, сенатор бюджет туралы заңның ережелеріне тоқтала келе, бұл бағыттағы бірқатар олқылықтарды алдыға тартты. «Заң қалыптасқанына жарты жылдан аса уақыт өтсе де, Үкімет заңның орындалуын бақылаудың орнына керісінше, заңның бірқатар талаптарын орындамай отыр», деді.

Депутат сауалына жауап берген Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев Елбасы тапсырмасына сәйкес (100 аурухана), елімізде 69 денсаулық сақтау мекемесі іске қосылғанын айтты. Ал қалған 31 нысан 2011-2012 жылдары толық жүзеге асатын болады.

Ал Жаркент қаласындағы мектеп құрылысына қаржының тоқтатылуы нысанның қымбаттауына байланысты орын алған. «Дегенмен, Үкімет аталған нысанды толық жүзеге асырады», деді Қаржы министрі Б. Жәмішев.

Өз кезегінде сенатор Қ. Сұлтанов аталмыш мектеп тағдырына одан сайын алаңдаушылық білдіріп, бұның үлкен саясаттағы, үлкен әлеуметтік маңызы зор нысан екендігін алға тарты. «Қытаймен шекарада осыдан бірнеше жыл бұрын салынуға тиісті мектепті заңға кіргізіп алып, жыл сайын қайта-қайта дау ұйымдастырудың қажеті қанша?» деді депутат.