ӘЛЕУМЕТТІК САЯСАТ: Қоғамның қауіпсіздігі, елдің интеллектуальдық және экономикалық дамуы ана мен баланың қорғалуына тәуелді - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлнәр Ықсанова
"Жаңа кезеңдегі әлеуметтік саясаттың маңызды құрамдас бөлігі ретінде ана мен баланы қорғауды жариялаймын", деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.
Біздің тілшімізбен әңгімесінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Нұр Отан" ХДП фракциясының мүшесі, Президент жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Гүлнәр Ықсанова ана мен баланы қорғау саласындағы неғұрлым өзекті проблемаларды шешу жолдары жайлы өз ойларымен бөліседі.
- Гүлнәр Мұстақымқызы, Сіз Қазақстанда бүгінгі күндері осы салада қалыптасқан жағдайды қалай бағалайсыз?
- Ең алдымен, қоғамдық құндылықтар жүйесіндегі басты мәселе ана мен баланың жағдайы, бұл ең алдымен, адамның ұрпақ жалғастыру және оның болашағы туралы ойларымен, адам табиғатымен байланысты екенін атап өткім келеді. Көптеген жылдар бойы әртүрлі мемлекеттер отбасына, ана мен балаға көмек көрсетудің тиімді жолдарын тынбай іздестіріп келеді. Бұл бағытта Қазақстанда да, әсіресе, соңғы бірнеше жылда аз жұмыс істеліп жатқан жоқ. Енді қазір мемлекет пен қоғам ана мен баланы қорғау мәселелері бойынша нақты шешімдер қабылдауға әзір болып, проблемаларды сезінуде сапалы секіріс жасайтын кез келді.
Біздің еліміз ана мен баланы қорғау жөніндегі халықаралық актілердің және декларациялардың қатысушысы болып келеді, ал Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабының 1-тармағында неке және отбасы, аналық, әкелік, балалық мемлекеттің қорғауында деп жазылған. 2012 жылғы қаңтарда Қазақстан "Ана мен баланы қорғау туралы" халықаралық конвенцияны ратификациялады.
Әрине, мемлекеттік қолдау шараларының маңызы зор, дегенмен, қоғамда отбасына, отбасылық құндылықтар дәстүріне көзқарасты өзгертудің маңызы да аз емес. Бұған адамның өзінің ізгі еркі мен елеулі рухани күш-жігері қажет. Біздің қоғамымыз үшін бұл қаншалықты күрделі міндет екендігін 2012 жылы жарияланған «Save the Children» тәуелсіз британдық ұйымының жүргізген зерттеулерінің нәтижесінен байқауға болады. Бұл ұйым әлемнің 173 еліндегі әйелдер мен балалардың жағдайларына зерттеулер жүргізді. Рейтингіні құрастыруда елдегі әйелдер мен балалардың денсаулық деңгейі, медицинамен қамтамасыз етудің қолжетімдігі, халықтың өмір сүруінің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері ескерілді. Осы рейтингіге сәйкес Қазақстан барлық елдердің ішінде 51-ші орынға және дамушы елдердің тізімінде - 8 орынға шығып отыр. Рейтингі көшбасшыларының үштігіне Норвегия мен Австралия және үшінші орынды өзара бөліскен Исландия мен Швеция кіріп отыр. ТМД-ның барлық елдері ішінде Беларусьтің көрсеткіштері жоғары, ол дамыған елдердің арасында 33 орында тұр. Салыстыратын болсақ, Ресей - 38-ші, Украина - 39-шы орында. Яғни, Қазақстанның елдің болашағы үшін оснау маңызды салада әлі де көп жұмыс атқаруына тура келеді.
Бүгінде, бұдан бірнеше жыл бұрынғыдай, Қазақстанда ана мен бала өлімі ең өткір проблемалардың бірі болып қалып отыр. Бұған фактілер дәлел: сәби өлімінің коэффициенті 1000 туылған балаға 14,8-ді құрайды. Бала денсаулығының өте маңызды көрсеткіші 5 жасқа дейінгі балалардың өлімі коэффициенті болып табылады. Бұл қоғамның әл-ауқатының негізгі көрсеткіштерінің бірі, өйткені бала өліміне биологиялық факторлардың ықпалымен қатар олардың әлеуметтік хал-жағдайының деңгейін де көрсетеді. 2008 жылмен салыстырғанда, 5 жасқа дейінгі балалар өлімінің коэффициенті туылған 1000 балаға шаққанда 20,7-ден 17,9-ға дейін төмендеді, соған сәйкес ол ТМД елдері арасындағы жоғары көрсеткіштердің бірі болып қалып отыр. Мәселен, Беларусь Республикасында бұл көрсеткіш 2011 жылы туылған 1000 балаға шаққанда 5,0 адамды құрайды.
Біздің Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтеріне қарағанда, елде ана өлімінің көрсеткіштері 22,4 пайызға және сәбилер өлімі - 9 пайызға төмендеген. Алайда ауылдық жерлерде медициналық қызметтер сапасы қалаларға қарағанда едәуір төмен, ал ауылдарда ел халқының шамамен 45 пайызы тұрып жатыр. Ауылдық жерлерде медициналық қызметтердің географиялық қолжетімділігін, алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейін арттыру қажеттігі көзге ұрып тұр. Жаңа шынайы әлеуметтік стандарттар қажет. Осы арада медициналық жоғары оқу орындарында педиатрлар даярлау жүйесіндегі өзгерістерге байланысты педиатрлардың жетіспейтіндігін еске сала кеткім келеді. Елде әмбебап-дәрігерлер жоқ, ал педиатрлар қазірдің өзінде тапшы болып отыр. Бұдан әрі не болмақ? Тағы бір проблема - мектепке дейінгі балалар мекемелерінің жетіспеушілігі. 325 мың жас өскін балабақшаларда өз кезегін күтуде. Айталық, Оңтүстік Қазақстан облысындағы кезек 55,3 мыңға, Алматыда - 41 мыңға және Астанада 49 мыңға жетіп отыр. Оның үстіне, мемлекеттік мектепке дейінгі мекемелерде тәрбиешілердің еңбегіне ақы төлеу көлемі төмен болып қалуда.
- Сіздің пікіріңізше, отбасына, ана мен балаға көмектің қандай институттары неғұрлым оңтайлы?
- Егер бала тууды ынталандыру туралы айтар болсақ, онда бұл проблеманы шешуді шағын балабақшалар мен ведомстволық мектепке дейінгі мекемелер жұмысына қолайлы жағдай жасай отырып, балабақшалардың жеткіліксіздігі проблемаларын шешуден бастаған дұрыс. Бұл салада мемлекеттік-жеке әріптестік формаларын белсенді пайдаланатын мезгіл жетті. Көп балалы аналар мен олардың отбасыларына ынталандыру шараларын кеңейту мәселесі де бала тууына ықпал ететін маңызды факторлардың бірі болмақ. Мұны тұрғын үй алуға арнайы несиелер ұсыну, жалға берілетін тұрғын үйлер алу үшін мүмкіндіктерді кеңейту арқылы шешуге болады. Бұл үшін, мысалға, еңбек биржалары мен кадрлар агенттіктерінде кәмелетке жетпеген балаларын бағып-күтумен айналысатын ата-аналарды, көптеген жұмыс түрлері бойынша еңбекке орналастыру қызметін енгізу қажет. Әрине, мұның бәрі Қазақстанда ана мен баланы қорғау жағдайына бірден және елеулі ықпал ететін шаралардың бір бөлігі ғана.
- Сіз еліміздегі өткір проблемалардың бірі жетімдік жайы туралы не айтар едіңіз?
- Расында да, бізде жетімдікпен байланысты проблемалар қат-қабат жетіп жатыр. Бүгінде Қазақстанда 37 мың жетім бала бар, соның ішінде ата-аналық құқығынан айырылған, ата-аналары тірідей жетім болып қалған, әлеуметтік жетімдік мәселесі ұшқындап тұр. ЮНИСЕФ мәліметтері бойынша, әйелдер көп жағдайда тұрғын үйі болмауы, өмір сүруге қаражаты жетіспеушілігі жағдайынан балаларынан бас тартып жатады.
Мемлекет жетім балалардың барынша қажетті дене және рухани даму жағдайларына кепілдікті қамтамасыз ету үшін интернат үлгісіндегі мекемелерді құрады. Алайда, баланы осындай мекемелерде оқшаулау арқылы біз оның өмір сүруінің ең таңдаулы моделін жасап отырған жоқпыз. Әлеуметтік жетімдік проблемаларын шешу жеңіл міндет емес. Бұл арада кешенді шарадар қажет, олардың бірі - азаматтарды жетім балаларды тәрбиесіне асырап алуына ынталандыру болмақ және бұл ынталандыру шаралары жан-жақты және әркімге түсінікті болуы тиіс.
Әлеуметтік жетімдіктің алдын алудағы әлемдік оң тәжірибе балалардың өмір сүру ортасының балама шешімдерінің оңтайлы екенін айқын көрсетіп отыр. Балалар үйлері пен интернаттар түлектері социумдағы өмірге назар бейімделген. ЮНИСЕФ мәліметтері бойынша, балалар үйлерінен шыққан түлектердің ішінен 70 пайыз жасөспірімдер қылмыстық топтар қатарын толықтыруда, қыздардың 60 пайызы жезөкшелікпен айналысуда, 10 пайызы өзіне өзі қол салуға мәжбүр. Баланы отбасына орналастыру отбасылық өмірдің оң тәжірибесін меңгеруге оған көптеген мүмкіндіктер береді, сөйтіп, өмірдің әлеуметтік сабақтарын игере бастайды. Балаларды асырап алу баланы қорғаудың арнайы шарасы, оның барысында олар мен адамдар немесе жұбайлық жұптар - қабылдап алған ана-аналардың арасында туыстық баланыстар тіні орнай бастайды. Бұл жетімдерді орналастырудың ең таңдаулы жолы. Алайда өтпелі формалары да бар, олардың бірі патронаттық. Патронаттық ата-аналар міндеттерінің бір бөлігін алады да, екінші бөлігін қамқорлық жасайтын мемлекеттік органдар өз мойнына алады. Сөйтіп, мемлекет пен азаматтар бірлесе отырып, балаға қолдау көрсетеді. Бүгінде 36 800 қазақстандық жетім балалардың шамамен 21 600-і отбасылардың қамқорлықтарында, ал 2 300 бала патронаттық тәрбие қарауында қамқорлыққа алынған.
- Ажырасулардың көбейе түсуі тағы бір проблеманы - алимет төлеуден жалтару мәселесін туындатуда. Сіздің пікіріңізше, бұл құбылысқа қалай қарсы тұруға болады?
- Әрине, алименттен бас тарту проблемасы ана мен баланы қорғау мәселелерімен тығыз байланысты. Біз алимент төлеу міндеттемелеріне қатысты сот актілерін атқару үдерісін өзгертуіміз қажет деп санаймын. Көптеген елдерде алимент төлемейтіндерге қатаң шаралар қолданады. Ең болмағанда, жүргізуші құқығынан айырады, тіпті болмаса алимент төлеуден жалтарудың бір фактісінің өзімен қылмыстық жауапқа тартады.
Бұл проблеманы қандай да болсын жағдайда шешу мақсатында борышкердің төлемге қабілетсіз кезеңінде алимент қоры деп аталатын қор құру арқылы шешуге болады деген де пікірлер бар. Алайда бұл жағдайда патерналистік көңіл-күй орын алып, борышкердің жауапсыздығын арттыра түсе ме деген де қауіп бар. Осы саладағы қажетті шараларға Бас прокуратураның алиментті төлемегендер үшін айыппұл санкцияларын ұлғайту, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында алимент өндіру істері бойынша талап-шағымның ескіруі мерзімін жою туралы жөніндегі ұсыныстарының да жөні бар.
- Қазіргі қоғамдағы ана мен баланы қорғау саласындағы проблемаларды туындататын себептердің тамыры қайда жатыр?
- Бүгінгі заманда сүйіспеншілік, ізгілік, төзімділік, адалдық, бірге қайғыра білу, қамқорлық сияқты қадір-қасиет ұсақтап, жаһандандыру ғасыры туғызған қоғамдағы тұтынушылық идеологиясы және жеке басын ғана күйттеу сияқты сипаттар белең алып бара жатқанға ұқсайды деп ойлаймын. Біз ежелден жетімін жылатпаған ел едік. Дегенмен, қоғамның қауіпсіздігі, оның өсіп-өнуінің рухани және дене саулығы, интеллектуалдық және экономикалық дамуы - ана мен баланың қорғалу дәрежесіне және оның қазіргі жағдайына тікелей балйанысты екенін сезінуіміз қажет.
Қорыта айтқанда, қоғам санасында отбасылық дәстүрлерді, аналық және әкелік, балаларға сүйіспеншілік, үлкенге құрмет және кішіге ізет сияқты құндылықтарды орнықтыру қажеттігін айтқым келеді. Бұл орайда бұқаралық ақпарат құралдары да зор рөл атқарады, әрине, бұл бөлек әңгіменің тақырыбы.
- Әңгімеңізге рахмет!