Осы бағытта атқарылатын шараларда «Жаңа әлеуметтік саясат» бағыттының орны ерекше. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында атап өткен жаңа әлеуметтік саясат аясында бірқатар маңызды шаралар ескеріліп отыр.
Біріншіден - әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесін оңтайландыру, әлеуметтік атаулы көмектің жаңа форматын енгізу тәжірибесін кеңейту, ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасын айқындау әдіснамасын өзгерту, сондай-ақ азық-түлік себетінің құрамын және тамақ өнімдерін тұтынудың ең төменгі нормаларын қайта қарау мақсатында 2030 жылға дейін әлеуметтік даму Тұжырымдамасы өзектілендірілетін болады.
Сонымен қатар ағымдағы жылдың соңына дейін 2016-2019 жылдарға арналған Денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы, 2016 жылғы 1 наурызға дейін жаңа Білім және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының жобасы әзірленеді. Бұл тұрғыдағы жұмыстар аталған маңызды екі салаға тың серпін беруге негізделіп отыр.
Айта кетерлігі, 2017 жылдан бастап білім беру саласында «Баршаға арналған кәсіптік-техникалық тегін білім» туралы жаңа жобаны іске асыру басталатын болады.
Бұдан бөлек, халықтың тұрғын үйге қолжетімділік деңгейін арттыру тұрғысында алдағы жылдан бастап тиісті шаралар қолға алынбақ. «Халықтың тұрғын үйге қолжетімділік деңгейін арттыру үшін 2016-2018 жылдары жалға берілетін алаңы 817 мың ш.м. немесе шамамен 13 600 пәтер тұрғын үй салу және оны сатып алу қамтамасыз етіледі. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ клиенттерінің барлық салымдарына өтемақы беру үшін Үкімет резервінен 2016 жылы 20,9 млрд. теңге және 2017 жылы 16 млрд. теңге бөлінетін болады»,-деді Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев.
Тұрғын-үй құрылысындағы үлескерлік салымдарды кепілдендіру қорын құру мақсатында «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ жарғылық капиталын 10 млрд. теңгеге ұлғайту көзделіп отыр. Бұдан басқа, бюджеттік кредиттеу және субсидиялау тетігі арқылы 298 шақырым жылумен, сумен жабдықтау және су бұру желілері салынып және реконструкцияланатын болады.
Әлеуметтік тұрақтылық және жұмыспен қамтуды қолдау тұрғысында 2016 жылдан қажетті қадамдар ескеріліп отыр. Мәселен, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өсуіне жол бермеу үшін, 2016-2017 жылдары оларға бөлшек бағаның шекті мәндері белгіленбек. Ұлттық экономика министрлігі бұл құзыреттілік 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылатындығын алға тартуда. Атап өтерлігі, 2016-2018 жылдары әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына тауарлық интервенциялар жүргізу, ресурстарды тиімді пайдалану және уақтылы толықтыру үшін тұрақтандыру қорларының жұмысы жалғасатын болады.
«Жұмыспен қамтуды қолдау мақсатында 2016 жылы өңірлік Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кешенді жоспарларын іске асыру жалғастырылатын болады және кадрларға қажеттілікті айқындау арқылы жұмыскерлердің босатылуы мен жаңадан құрылатын жұмыс орындарының жиынтық картасы өзектендіріледі. 2016 жылғы наурызда елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай нашарлайтын болса, аз қамтылған отбасыларға қосымша мақсатты көмек көрсету бойынша ұсыныстар енгізілетін болады»,-дейді Ерболат Досаев.
Айтпақшы, Үкімет мүшелері «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» жобасын мақұлдады. Аталған құжат жобасын таныстырған ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» жобасының Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес әзірленгенін атап өтті. Оның айтуынша, білікті жұмысшылардың жұмыс орындарын сақтау үшін жобада өндіріс көлемі немесе өнім бағасы төмендегенде ірі өнеркәсіп кәсіпорындарындағы жұмыс уақытының қысқарғаны үшін жұмысшылардың жалақысының бір бөлігін уақытша субсидиялау механизмін енгізу көзделген.
«Уақытша субсидиялау білікті жұмысшының жұмыс уақытының қысқаруына орай жоғалтқан жалақысының үштен екі көлемінде ұсынылып отыр. Бұл ретте өнеркәсіп кәсіпорны келесі шарттардың біріне сай болуы тиіс: қала құраушы кәсіпорын болуы тиіс; экспортқа шығарылатын тауарының үлесі аталған кәсіпорын өндіретін тауларлардың жалпы көлемінің 30 пайызынан кем болмауы қажет; ішкі нарыққа жеткізетін тауарының үлесі облыстық көлемнен 30 пайыздан, дәл сол тауарларды республикалық көлемнен 10 пайызға кем болмауы керек», - деді министр.