Әлеуметтік жағынан әлсіз отбасыларға университет несие алуға кепіл беруші ретінде шығуға дайын ? ҚазАТУ ректоры

АСТАНА. Наурыздың 20-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің үздік оқитын 114 студенті мемлекеттің қосымша білім гранттарына ие болды.

Жеңілдетілген несие алуға өтініштер қабылданып жатыр. Бұл туралы бүгін ҚР Білім және ғылым министрінің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатынан кейін журналистерге берген сұхбатында аталмыш университет ректоры Айтбай Бұлашев мәлім етті, деп хабрлайды ҚазАқпарат. А.Бұлашевтің айтуынша, қосымша білім гранттарынан үміткер болған 122 студенттің 114-і комиссияның оң шешімін алды және ректорат қысқы сессияны үздік бағамен аяқтаған үшінші және төртінші курс студенттерінен құжаттарды әлі де қабылдау үстінде. Қаржылық дағдарыс кезінде ата-анасы жұмыссыз қалған немесе тұрмыс жағдайы төмен отбасылардың балаларына көмек көрсету туралы Елбасының тапсырмасына сәйкес әзірленген екінші - жеңілдетілген несиелер беру бағдарламасы бойынша да, ҚР Білім және ғылым министрлігі белгілеген студенттердің санатына жататын және жаратылыстану, медициналық, техникалық мамандықтарда оқитын жастардың саны анықталды. Олар ? 346. «Бірақ олардың ішінде несие алуға өтініш білдіргендері 21 ғана. Студенттердің денін несие алып, оны ертеңгі күні өтей алмаймын деген қорқыныш билейді. Несие ? бұл қандай да бір істі оңтайлы шешудің тиімді, әрі қолжетімді құралы. Оны бүкіл әлем тәжірибеде қолданып отыр. Дипломды алғаннан кейін екі қолға бір жұмыс табылады деп ойлаймын. Сондықтан, әлеуметтік жағынан әлсіз отбасыларға университет несие алуға кепіл беруші ретінде шығуға дайын. Бұл білім алуға ұмтылған жастарға бірден-бір мүмкіндік», - деді ол. Оқу орнында бағдарламаның операторы болып белгіленген - «Альянс банктің» өкілдері құжаттарды дайындау, рәсімдеу және оны тапсыруға қатысты кеңестер беретін болады. Бұдан бөлек, бүгінде аталмыш жоғары оқу орны ел абыройын халықаралық ареналарда қорғап жүрген спортшыларға, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына, барлығы 80 студентке ректорлық гранттар тағайындап отыр. Оларға оқу ақысын әр түрлі жеңілдіктермен төлеу мүмкіндіктері жасалған.