Әлеуметтiк және көлiктiк инфрақұрылымдардың 80 пайызға жуығы мүгедектерге лайықталмаған - ҚР ДӘДМ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлеуметтiк және көлiктiк инфрақұрылымдардың 79 пайызы мүгедектерге лайықталмаған. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтiк даму министрлiгi әлеуметтiк қызметтер департаментiнiң директоры Ажар Түлеғалиева мәлiм еттi.

"Әлеуметтiк, рекреациялық және көлiктiк инфрақұрылымдардың 79 пайыздан астамы мүгедектердiң жүрiп-тұруына лайықталмаған. Мектепке дейiнгi оқу орындарының 96 пайызында, мектептердiң 83 пайызында инклюзивтi оқыту мүмкiндiгi жасалмаған. Мамандардың мәлiметтерiнше, мүгедектердiң 25 пайызы өз жағдайларына нашар деп баға берген. Сонымен қатар олар мемлекеттiк органдардың, бизнестiң және қоғамдық ұйымдардың ыңғайлы орта құрудағы жұмыстарында үйлесiм жоқ екендiгiн айтып отыр", - дедi ол бүгiн "Нұр Отан" партиясында өткен дөңгелек үстелде.

Департамент басшысының айтуынша, "Мүгедектердiң құқықтарын қорғау жөнiндегi кейбiр заңдарға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" заң жобасы жасақталған.

"Заң жобасы Үкiметте қаралуда және жылдың соңына дейiн Парламентке енедi деп жоспарлануда", - дедi ол.

Қазақстанда мүмкiндiгi шектеулi 626 мың азамат тiркелген. Оның 76 мыңға жуығы - зағип жандар. Дөңгелек үстелдi "Нұр Отан" партиясы мен ҚР Парламентi мәжiлiсiнiң қолдауымен "Аржан" қоғамдық қоры ұйымдастырды.